Тұрғын үй сатып алуға арналған зейнетақы жинақтары: Қазақстан Сингапурдан үлгі алуы мүмкін

Тұрғын үй сатып алуға арналған зейнетақы жинақтары: Қазақстан Сингапурдан үлгі алуы мүмкін Фото:depositphotos.com

Қазақстанда зейнетақы жүйесіне сингапурлық модель элементтерін енгізу мүмкіндігі талқылана бастады. Бұл ретте 40 жылдық еңбек өтілін ескеру идеясынан бас тартылды. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Қазақстанда зейнетақы жүйесіне сингапурлық модель элементтерін енгізу мүмкіндігі талқылана бастады. Бұл ретте 40 жылдық еңбек өтілін ескеру идеясынан бас тартылды. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Оның айтуынша, зейнетақы жүйесінің жаңа моделі бойынша жұмыс жалғасып жатыр, ал келесі аптада сарапшылар сингапурлық тәжірибені қарастырады.

"Біз әлі де талқылау үстіндеміз, өйткені қосымша ұсыныстар түсті - зейнетақы жүйесінің сингапурлық моделі. Келесі аптада дәл осы модельді талқылайтын боламыз", - деді Ертаев.

Жарнама
Жарнама

Министрдің айтуынша, сингапурдағы жүйе де, Қазақстандағы жинақтаушы зейнетақы жүйесі де міндетті зейнетақы жарналарына негізделген. Бірақ Сингапур жүйесі азаматтарға қосымша мүмкіндіктер береді.

"Сингапурлық модель де жинақтауды қарастырады - міндетті түрде жинау керек. Бірақ, бұл ретте баспана сатып алу мүмкіндігі бар", - деді ол.

Қазір министрлік сарапшылардың қорытындысын күтіп отыр. Осыдан кейін ұсыныстар жұмыс тобының қарауына жіберіледі.

"Барлық ұсыныстың ішінен біз ең қолайлы шешімдерді таңдап алып, зейнетақы жүйеміздің қалай дамитыны туралы түпкілікті пакетті қалыптастырамыз", - деп түсіндірді министр.

Ертаевтың айтуынша, сингапурлық модельден бөлек, бұған дейін ұсынылған нұсқалар - "4+1" моделі мен сақтандыру зейнетақы жүйесі де талқыланып жатыр. Сонымен қатар идеялардың бірінен қазірдің өзінде бас тартылған.

"40 жылдық еңбек өтіліне қатысты мәселе күн тәртібінен алып тасталды", - деп хабарлады Еңбекмині басшысы.

Ашық дереккөздерге сүйенсек, Сингапурдың зейнетақы жүйесі (CPF) "ортақ қазанға" емес, жеке жинақтаушы шоттарға негізделген. Ол азаматтар үшін міндетті болып табылады. Түскен қаражат автоматты түрде үш шотқа бөлінеді: қарапайым, арнайы және медициналық. Қарапайым шоттың ерекшелігі - ондағы жинақтар тұрғын үй мәселесін тиімді шешуге мүмкіндік береді. Осындай схеманың арқасында бүгінде Сингапурда меншікті баспанамен қамтылу деңгейі шамамен 90 пайызға жетіп отыр. Азаматтар бұл зейнетақы ақшасын пәтердің бастапқы жарнасын төлеу үшін тікелей пайдалана алады. Мемлекеттік немесе коммерциялық ипотека бойынша ай сайынғы төлемдер де қарапайым шоттан автоматты түрде алынады. Сонымен қатар, жинақтармен елтаңбалық алым мен заңгерлік қызметтер сияқты ілеспе шығындарды төлеуге рұқсат етілген. Алайда баспананы кейіннен сатқан жағдайда, қордан алынған барлық соманы есептелмеген пайыздарымен бірге шотқа қайта қайтару қажет болады. Қолға тек осы қайтарымнан асқан таза пайда ғана беріледі, бұл адамның кәріліктегі қаржылық қауіпсіздігіне кепілдік береді.

Қазақстандағы зейнетақы реформасы

Маусымның басында еңбек министрі Асқарбек Ертаев Қазақстанның зейнетақы жүйесіндегі ықтимал өзгерістер туралы мәлімдеген болатын. Кейінірек зейнетақы реформасы туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов хабарлады. Оның айтуынша, қазір үкімет пен Ұлттық банк тиісті тәсілдерді әзірлеп жатыр..

Бұған дейін Қазақстанда зейнетақы жүйесіндегі өзгерістер талқыланып жатқанын хабарлаған болатынбыз. Ұсынылып отырған зейнетақы реформасының бір нұсқасы - "4 + 1" моделі. Ол жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарының бір бөлігін қазақстандықтардың жеке шотына, ал бір бөлігін өмір бойы төленетін төлемдер үшін ортақ зейнетақы шотына аударуды көздейді.

Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Жолдау
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу

Жарнама
Жарнама