Қазақстандықтар WhatsApp-та алаяқтықтың жаңа түрі туралы жарыса жазып жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі stopfake.kz-ке сілтеме жасап.
Желіде тараған ақпаратта тұрғын үйлердің кіреберістеріне QR коды бар хабарландыру ілінгені жазылған. Осы арқылы үйдің ортақ чатына кіру туралы ұсыныс жасалады екен. Ақпаратта кодты сканерлеген кезде тұрғындардың карталарынан ақша суырып кететіні де айтылған.
Бұл хабарлама қазақстандық әлеуметтік желілерде де тарады. Бұл туралы Екібастұз қаласында тіркелген жергілікті парақша жазған.
Екібастұз қаласының полиция басқармасы кіреберістердегі хабарландырулар туралы жазбаға мынадай пікір білдірген:
"Бұл мәліметтер шындыққа жанаспайды. Полицияға мұндай хабарландыруларды анықтау бойынша өтініштер түскен жоқ. Бұл дерек көрші мемлекетте болған", - деп жазылған ресми хабарламада.
Қазақстандық полицейлер сілтемесін қалдырған БАҚ-та алаяқтық схема туралы егжей-тегжейлі жазылған.
Алаяқтық схема туралы ақпарат Қазақстанда жалған болып шыққанымен, мамандар QR кодтарды сканерлеу кезінде абай болуға және қауіпсіздік сақтау үшін сілтемелерді үнемі тексеріп отыруға кеңес береді.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!