Түркістан облысында 1 449 балабақша санитарлық бақылаудан өтті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Оның 268-і мемлекеттік, 1 135-і жекеменшік болса, 46-сы мектеп жанынан құрылған шағын орталықтар. Нысандардың санитарлық-гигиеналық және техникалық жағдайы, жиһаздармен жабдықталуы, сыйымдылығы, қызметкерлердің медициналық бақылаудан уақытылы өтуі, тамақтың сапасы мен қауіпсіздігі, нормативті-құқықтық актілерге сәйкес болуы назарға алынған. Бұл жайында Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы Нұрбек Нышанов мәлім етті.
Департамент басшысының сөзінше, былтыр Келес ауданындағы балабақшаның асханасында санитариялық-гигиеналық талаптың бұзылғаны бойынша дерек анықталған. Сондай-ақ, жалпы балабақша асханасында рұқсат етілмеген бірқатар азық-түлік өнімдерін атап өтті.
"2024 жылы Келес ауданындағы балабақшалардың бірінде ас блогында санитариялық-гигиеналық талаптардың сақталмау салдарынан 34 баланың тағамнан улану жағдайы тіркелді. Улануға себеп - асханалардың антисанитариялық жағдайы; қызметкерлердің жеке бас гигиенасын сақтамауы; технологиялық үрдістің ағымдылығы сақталмаған; азық-түліктерді сақтау талаптарға сай емес; тиым салынған өнімдерді қолдану; асханада үздіксіз ыстық сумен қамтамасыз етілген ванналар мен раковиналардың жеткіліксіздігі; үнделікті залалсыздандыру шараларының өз деңгейінде жүргізілмеуі. Жағдай бойынша сотқа дейінгі қылмыстық тергеп-тексеру жүргізіліп, екі тараптың татуласуымен қылмыстық іс қысқартылды", - деп атап өтті.
Атап айтқанда, пастерленбеген сүт, сүзбе, қаймақ өнімдері, кремі бар кондитерлік өнімдер, фаст-фудтар мен гамбургерлер, ход-догтар, пиццалар, наггетстер, дәмдік қоспалары бар тұздалған қытырлақ нандар, йодталмаған тұз, байытылмаған бірінші сұрыпты бидай ұнын пайдалануға тыйым салынған.
Балабақшаларда медицина қызметкері немесе жауапты тұлға дайын тағамдардың сапасына күнделікті органолептикалық бағалауды жүргізеді. Және де тамақтану сапасын мерзімдік бағалауды бракераждық комиссия жүргізеді, оның құрамы медицина қызметкерін, әкімшілікті, өндіріс меңгерушісін және ата-аналар комитетінің өкілін міндетті түрде қоса отырып, объект басшысының бұйрығымен бекітіледі. Сондай-ақ, балабақша асханаларының қызметкері жеке бас гигиенасын сақтап, таза арнайы киіммен, аяқ киіммен және жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етіледі. Қызметкерлерге қол жууға арналған ыстық және салқын су келтірілген раковинамен (қол жуғыштары), жеке санитариялық тораппен (дәретханамен), себезгі бөлмесімен жабдықталады. Барлық мектеп асханаларында өндірістік бақылау бағдарламасы ұйымдастырылу керек.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!