Түркістан облысында 5 жасар қызды өлтірген ер адам сотталғаннан кейін Сарыағаш аудандық сотының төрағасы өз еркімен қызметінен кетуге өтініш жазды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Түркістан облысында 5 жасар қызды өлтірген ер адам сотталғаннан кейін Сарыағаш аудандық сотының төрағасы өз еркімен қызметінен кетуге өтініш жазды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Биыл 7 қыркүйекте Н.Б.Шетеновтің Түркістан облысы Сарыағаш аудандық сотының төрағасы қызметінен өз қалауы бойынша босату туралы өтініші Жоғарғы сот кеңесіне түсті және алдағы кеңес отырысында қаралатын болады", - деді Жоғарғы сот кеңесінің баспасөз қызметі өкілдері.
Жоғарғы сот кеңесі өкілдері судьяның қызметтен өз өтініші бойынша босатылуы мен отставкаға кетуі лауазымнан босатудың екі түрлі негіздемесі болатынын түсіндірді.
"Отставка - бұл "Сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы" Конституциялық заңда көзделген судья атағын, судьялар қауымдастығына мүшелігін, жеке басына қол сұғылмаушылық кепілдігін және өзге де материалдық және әлеуметтік кепілдіктерді сақтай отырып, мінсіз беделі, кемінде жиырма жыл судьялық жұмыс өтілі бар судья лауазымынан абыроймен кету. Жоғары Сот Кеңесіне Н.Б.Шетеновтің отставкаға кету туралы өтініші түскен жоқ", - деді Жоғарғы сот кеңесінің баспасөз қызметі өкілдері.
Еске салайық, бұған дейін Түркістан облысында кәмелетке толмаған қыз ауыл тұрғынының үйінен өлі табылғаны хабарланған еді. Кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл істі назарына алғанын айтып, Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне болған қайғылы оқиғаның мән-жайын мұқият тексеруді тапсырды.
Бұл дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы "Адам өлтіру" бойынша тіркелді. Сараптама тағайындалды.
Кейін Желіде ауыл тұрғындары күдіктіні полицейлерден босатып алмақ болды деген ақпарат тарады. Түркістан облысы Полиция департаментінің өкілдері бұған қатысты пікір білдірді.
Бас прокуратура мәліметінше, күдікті бұрын істі болған.
"Күдікті Г. бұрын адам өлтіргені үшін 2006 жылы 10 жылға бас бостандығынан айырылғаны анықталды.
2023 жылғы мамырда Г. ішімдік ішіп отырып, ауылдасымен жанжалдасқан соң, оны балтамен ұрғаны белгілі болды. Сот Г.-ның жәбірленушімен татуласқанын, бұрын соттылығының жойылғанын ескере отырып, оған пробациялық бақылау белгілеумен 3 жыл бас бостандығын шектеу тағайындалды", - делінген хабарламада.
Кеше осы іс бойынша сот процесі басталғаны белгілі болды. 7 қыркүйекте Шымкентте 48 жастағы ер адамға үкім шығарылды. Сот оны 5 жасар қызды өлтіргені үшін кінәлі деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сотталған адам қауіпсіздігі ең жоғары колонияда жазасына өтейді.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!