Түркістан облысында Мәдениет басқармасына қарасты орталық 3-7 минуттық тарихи бейнероликке тапсырыс берген, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі OTYRAR-ға сілтеме жасап.
Не болған?
Бейнероликте ел тарихының түрлі кезеңдері баяндалуы тиіс болған. Алайда жобаның құны жұрт назарын аударды. Орындаушы "G7 Exclusive" ЖШС бейнеролик өндірісін 100 миллион теңгеге бағалаған. Сонымен қатар келісімшарт конкурссыз, тікелей жасалған.
Бұл сатып алу төңірегінде сұрақтар туындатады. Оның үстіне Мемлекет басшысы бюджет қаражатын үнемдеу жөнінде тапсырма берген болатын. Осы жағдай бойынша облыс әкімі Нұралхан Көшеров жан-жақты тексеру жүргізуді тапсырды.
"Облыс әкімі Нұралхан Көшеров аталған келісімшарттың жасалу жағдайларын, оның ішінде қажетті рәсімдердің сақталуы мен бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуын жан-жақты тексеруді тапсырды", - делінген Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Орталық пікірі
Кейін Түркістан облысы Мәдениет басқармасының "Ұлы Дала Елі" орталығы ақпаратқа қатысты пікір білдірді.
"Техникалық тапсырма талаптарына сәйкес, шарттың нысаны - жалпы проекциялық ауданы 1500 шаршы метрден асатын сферикалық залға арналған жоғары технологиялық мультимедиялық контентті өндіру. Мұндай контент теле немесе видеопродакшнның стандартты тәсілдерімен немесе жасанды интеллект құралдарымен жасалмайды", - дейді орталық өкілдері.
Ведомство мәліметінше, өндіріс бірнеше қабатпен жүзеге асырылып, бейне-мэппинг технологиялары қолданылмақ. Бұл формат стандартты ақпараттық видеороликтен түбегейлі ерекшеленеді.
"Осылайша, жобаның құны орындалатын жұмыстар көлеміне негізделіп, нарықтық бағаларға толық сәйкес келеді", - делінген хабарламада.
Сондай-ақ, бұл қызмет 2025 жыл бойы Мемлекеттік сатып алулар порталында үш рет өткізіліп, сатып алу рәсімі белгіленген тәртіппен өтпей қалған. Осыған байланысты, қолданыстағы заңға сәйкес бір көзден алу тәсілі қолданылғаны айтылды.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!