Шымкентте автогаз тапшы. Газ құятын бекеттердің көбі жабық немесе тек талонмен сатып жатыр. Ал сұйылтылған отыны бар деген жанармай бекеттерінің өзі тек белгілі мөлшерде ғана сатады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Шымкентте автогаз тапшы. Газ құятын бекеттердің көбі жабық немесе тек талонмен сатып жатыр. Ал сұйылтылған отыны бар деген жанармай бекеттерінің өзі тек белгілі мөлшерде ғана сатады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Телеарна мәліметінше, Шымкенттің жанар-жағар май сататын бекеттерінің көбінде автогаз жоқ. Стансалар тіпті жүргізушілер мазаламас үшін тиісті жазуды іліп қойған. Көлігіне газ құрылғысын орнатқандар қаланың әр түкпіріне отын іздеп жүргенін айтады.
"Қымбатшылықты қолдан жасап жатыр деген ойдамыз. Үрей бар. Үш күн болды. Он шақты бекеттен өттік. Таппадым. Кеше газ болмағандықтан шыға алмай қалдым. Бүгін шықтым. Бір жерде болмаса, бір жерде бар шығар деп", - дейді Шымкент қаласының тұрғыны Мұрат Әбдіғаппаров.
Газы бар стансалардың көбі шектеп беріп жатыр: бір адамға 2 мың теңгеден артық құймайды. Ал кей бекеттер келісімшарты бар мекемелерге ғана талонмен беріп жатыр. Жүргізушілер газ Шымкентте ғана емес, жалпы Түркістан облысында тапшы дейді.
"Бәйдібекте, Түркістанда, өзіміздің Шаянда да жоқ. Газдың жоқ болғанына үшінші апта болып қалды-ау деймін. Жүргізушілердің бәрі қиналып жүр. Барлық жерде кезек. Үйге құятын газдың өзі тапшы болып жатыр, жоқ", - деді Түркістан облысының тұрғыны Руслан Шоқатов.
Ал энергетикаға жауапты шымкенттік шенеуніктер қаладағы 170 бекеттің 70-інде газ бар, мұны тапшылық деуге келмейді дейді. Қажет сұйық отын мөлшері зауыт пен бекеттерде бар тек газ құю стансасына жеткізуші компаниялар түрлі себеппен тасымалдамай жатқанын айтады.
"Тамыз айына деген автогаз зауытта тұр. Оны 21 мекеме уақытында алуы керек", - деді Шымкент қаласы энергетика және инфрақұрылым дамыту басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Ердембеков.
Жанармай құятын компаниялардың барлығы жекеменшік деген энергетика басқармасының басшылығы оларды мәжбүрлеп жұмыс істеткізе алмайтындарын айтады. Газ үлестірушілердің бағаны көтеруі үшін әдейі сөз байласуы мүмкін деген жорамалды да жоққа шығарды. Әзірге автогазы бар стансаларда литрі 60 теңгеден сатылып жатыр.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!