Түркістан облысында Әдеп жөніндегі кеңес төбелеске қатысы бар және мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтірген басқарма басшысын жұмыстан босатуды ұсынды. Қызметкердің тағдыры туралы журналистер облыс әкімі Нұралхан Көшеровтен сұрады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Мән-жайы
Бұған дейін БАҚ-та бірнеше ер адамның төбелесі түсірілген видео тараған еді. Кейін олардың бірі Түркістан облысы Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Сұлтанғали Жалықұла екені анықталды.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Әдеп жөніндегі кеңес ұсынысы
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Түркістан облысы бойынша департаменті жуырда әлеуметтік желіде қоғамдық резонанс тудырған, мемлекеттік қызметшінің қатысуымен болған төбелес оқиғасына байланысты тиісті қызметтік тексеріс жүргізді.
Әдеп жөніндегі кеңес шенеуніктің тарапынан болған тұрпайы, қоғамға жат мінез-құлықты, сондай-ақ мемлекеттік органның беделін түсіретін әрекет жасау арқылы жалпыға ортақ моральдық-этикалық нормаларды бұзу дерегін анықтады.
"Кеңес шешімімен Түркістан облысының Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы С.Жалықұлға қатысты қызметтік әдеп нормаларын бұзғаны үшін "атқарып отырған лауазымынан босату" түріндегі тәртіптік жаза қолдану ұсынылды", - делінген хабарламада.
Әкім не деді?
БАҚ өкілдерімен өткен ОКҚ брифингінде Нұралхан Көшеров әдеп кеңесінен ресми құжатты күтіп отырғандарын айтты. Құжат келіп түскеннен кейін шенеунік қызметінен босатылатынын жеткізді.
"Әрине, бұл жағдай бізге абырой әкелмейді. Мемлекеттік қызметшілердің имиджіне нұқсан келді (...) Менің білуімше, бүгін бізге ресми құжат берілуі керек. Осыдан кейін этика кеңесінің қызметтен босату жөніндегі шешімін орындаймыз", – деді ол.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!