Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов ОҚО-да жүйке жүйесі аурулары (психоневрологиялық) диспансерінің 60-тан аса емделушісі туберкулез жұқтырғаны туралы оқиғаға қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов ОҚО-да жүйке жүйесі аурулары (психоневрологиялық) диспансерінің 60-тан аса емделушісі туберкулез жұқтырғаны туралы оқиғаға қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Онда ашық формадағы туберкулез жұқтырған науқастар түскен, ішкі ағзада жара шыққан. 61 адам жұқтырған. Бір ай ішінде біз ОҚО әкімдігімен осы мәселені шешетін боламыз. Барлық науқас туберкулезге қарсы арнайы мекемелерге жеткізілген. Ол жаққа денсаулық сақтау вице-министрінің басшылығымен және мемлекеттік санитарлық бас дәрігердің қатысуымен және Алматы қаласының туберкулезді зерттеу орталығының мамандарынан құрылған республикалық комиссия жөнелтілді. Барлық науқасқа стандартқа сай туберкулезге қарсы емдеу шаралары тағайындалды", - деді Біртанов.
Оның айтуынша, әлеуметтік-медициналық мекеме эпидемиологиялық ережені бұзған.
"Осыған байланысты сол мекемеде залалсыздандыру шаралары жүргізіліп жатыр, санитарлық қызметтер жұмыс істеп жатыр. Біз барлығын түсінеміз, туберкулездің жұқпалы ауру екенін және оның тарап кетуі мүмкін екенін. Денсаулық сақтау жүйесінің міндеті - азаматтарды қауіпсіздендіру, осы мақсатта арнайы стандарттар мен талаптар бар. Өкінішке қарай, бұл талаптарды осы ұйымның қызметкерлері сақтамаған", - деді ол.
"Сәйкесінше әкімшілік шаралар қолданылды. Басшылық қызметінен босатылды, барлық 500 адам тексеруден өтті - емделушілер және оларға қызмет көрсететін медқызметкерлер мен әлеуметтік жұмысшылар", - деді министр.
Еске салайық, Түркістандағы ақыл-есі кем жандарды емдеуі тиіс психоневрологиялық мекемеде адам шошырлық жағдай болған еді. Мұндағы 500-ден аса емделушінің 61-і туберкулез жұқтырған. Дәрігерлер мұны тіпті кездейсоқ біліп қалған. Қаңтар айында пациенттерді жоспарға сай тексерген жергілікті дәрігерлер 7 емделушінің туберкулезге шалдыққанын біліпті. Сөйтіп, жағдайды жоғарыға баяндаған соң облыс пен республикадан келген арнайы комиссия 502 адамның 61-інен осы ауру түрін анықтаған. Тіпті, 3-уі осы аурудан көз жұмған екен. Оның үстіне 30-ға жуығы індеттің ашық түрін жұқтырған. Науқастардың барлығы қазір арнайы мекемелерде ем қабылдауда. Қазір еліміздің бас санэпидемиологы Жандарбек Бекшин бастаған комиссия аурудың қашан және кімнен жұққанын анықтап, кінәлілерді табу үшін оңтүстікте жүр.