Биыл Түркістан халықаралық World Craft Council ұйымының шешімімен "Қолөнершілер қаласы" мәртебесіне ие болды. Ұйымның құрметті елшісі Азиз Муртазаев арнайы келіп, Түркістанға арнайы мәртебенің куәлігін табыстады.
Осыған орай Түркістанда "Түркістан – қолөнершілер қаласы" халықаралық фестивалі басталды. Фестивальге Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қытай және Ресейден 100-ге жуық қолөнерші келді. Ал еліміздің аймақтарынан 300-ге жуық қолөнер шебері қатысып жатыр.

Фестиваль кезінде түркі елдерінің қолөнершілер орталығы ашылды. Бұл кешен 8 негізгі функционалды бөліктен тұрады. 20 шеберхана, көрме залдары, 2 шоурум, мейрамхана, қонақүй және туристік инфрақұрылымы бар қалашық 2,5 гектар аумақты алып жатыр. Ерекше кешен жеке инвестиция есебінен салынған.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров көпшілікті жаңа нысанның ашылуымен құттықтады.
"Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы" арнайы Заңға қол қойды. Қабылданған Заңда қолөнер саласындағы шеберлерге мемлекеттік қолдау шаралары күшейтіліп, қолөнершілердің кәсібін дамытуға жол ашылды. Бүгін "Turkistan World Craft Fest" халықаралық фестиваліне арнайы жиналған әлем шеберлері ерекше орталықтың жұмысына жаңаша серпін бермек", – деді Көшеров.

Әкімнің айтуынша, бүгінде облыста 130-дан астам шебер бар.
"Қалашық тек сауда-саттық орны ғана емес, шеберлердің тәжірибе алмасатын, жаңа туындылар ұсынатын орталығы. Ең бастысы, ол халқымыздың тарихын, дәстүрін айқындайтын, мәдениетімізді әлемге танытатын бірегей алаң. Бүгінгі қуанышты оқиға Түркістанның туристік әлеуетін көтеріп, Түркістанның түркі әлемінің рухани астанасы ретіндегі мәртебесін одан әрі нығайтады", – деді Көшеров.
Облыс басшысы мен қонақтар шеберханаларды аралап, халықаралық және отандық қолөнершілердің жұмысымен танысты.

Іс-шарада 100 керамика шебері біз мезгілде құмыра жасады. Қолөнер бұйымдарының көрмесі, шеберлік сағаттары, ұлттық киімдер мен бұйымдар жәрмеңкесі, мәдени-танымдық және концерттік бағдарламалар көпшілік назарына ұсынылды. "Fashion" этно сән үлгісінің көрсетілімі өтті.

Бұл ретте биыл облысқа келуші туристер саны көбейді. 6 айда өңірге 1 миллионнан астам саяхатшы келген.