Әрбір қазақстандық уақытша басқа қалада тұруы керек болса, ол уақытша мекен-жай бойынша тіркеуден өтуге міндетті. Тіркеуге тұрмаған адамға жаңа заң бойынша, 10 АЕК (23 мың теңгеге жуық) айыппұл салынады. Көші-қон полициясының өкілі Tengrinews.kz тілшісіне жаңа заңның негізгі шарттарын түсіндіріп берді.
Әрбір қазақстандық уақытша басқа қалада тұруы керек болса, ол уақытша мекен-жай бойынша тіркеуден өтуге міндетті. Тіркеуге тұрмаған адамға жаңа заң бойынша, 10 АЕК (23 мың теңгеге жуық) айыппұл салынады. Көші-қон полициясының өкілі Tengrinews.kz тілшісіне жаңа заңның негізгі шарттарын түсіндіріп берді.
"Тұрғылықты мекен-жай бойынша тіркеуге тұру әлемдік тәжірибеде бар. Қазақстанда тұрғылықты мекен-жай бойынша және уақытша тұру бойынша есеп заңнамада бұрыннан қарастырылған. Тіркеу еркін жүріп-тұруды шектемейді және халықаралық тәжірибеге сәйкес келеді. Көпшілік мемлекеттерде халықты есепке алудың белгілі бір формасы бар, себебі осы арқылы экономикалық және әлеуметтік саясат жоспарланады", - деп хабарлады ОКҚ брифингінде ҚР ІІМ Көші-қон полициясы басшысының орынбасары Галина Сәрсенова.
Оның айтуынша, ХҚКО-да тіркелуге 10-20 минут шамасында уақыт қажет және бұған керек болатын құжат саны көп емес, алайда тіркелуші адамның өзі де, тұрғын үй иесі де келуге міндетті.
Уақытша тіркеуге қандай құжаттар қажет?
"Бүгінде тіркелу үшін мына құжаттар керек: тұрғын үй иесінің келісімі, оның жеке куәлігі, тіркелушінің жеке куәлігі және АЕК-тің 10 пайызы (227 теңге) көлеміндегі мемлекеттік салымның төленгені жайлы түбіртек. Тіркелуші азамат та, баспана иесі де тіркелуге келуі тиіс, себебі құжаттың чипіне өзгерістер жазылады. Өзі келе алмаған жағдайда нотариус қол қойған келісімшарт болуы тиіс", - деді Галина Сәрсенова.
Сонымен қатар, оның айтуынша, электронды цифрлық қолтаңба болған жағдайда қазақстандық өзін электронды үкімет арқылы тіркеле алады, содан кейін ол тұрғылықты тіркеудің қажет емес екенін жазуы тиіс.
Көші-қон полициясының өкілі тіркеудің тәртібі және құжаттардың рәсімделуі туралы мәліметтерді 2011 жылдың 1 желтоқсанындағы №1427 үкімет бұйрығында немесе "Қазақстан Республикасының халқын құжаттандыру және тіркеу мәселелері бойынша мемлекеттік көрсетілетін қызметтер регламенттерін бекіту туралы" ІІМ министрінің №183 бұйрығында көруге болатынын айтты.
Бір пәтерде қанша адам тіркеле алады?
"Қазір жергілікті атқару органдары мәслихаттың шешімімен санитарлық нормаларды анықтауға мүмкіндігі болады. Бүгінге дейін мұндай түсінік Алматы статусы туралы заңға енгізілген, онда әрбір адамға кем дегенде 15 шаршы метр қажет етілетіні айтылады. Осындай типтік ережелер елдің әр өңірінде қабылданады және оны үкімет бекітеді, мәселен Астанада 15 шаршы метр, басқа өңірде көбірек немесе азырақ", - деді Галина Сәрсенова.
Мысалға айтсақ, егер Алматыда орташа екі бөлмелі пәтердің ауданы 60 шаршы метр болса, онда тек 4 адам тұра алады.
Сәрсенованың айтуынша, азамат ұзақ уақытқа басқа қаладағы ауруханаға жатқызылатын болса, ол ем алатын жері бойынша тіркелуі тиіс, ал басқа қалада өмір сүретіндер және қонақүйде өмір сүріп жатқандар тұратын жері немесе сол қонақүй мекен-жайы бойынша тіркеле алады екен.
Жемқорлық қатерлер қалай есепке алынды?
"Бұл үлкен мәселе. Біздің қатарымызда ниеті түзу емес адамдар болуы мүмкін. Бірақ біреуге пара бергенше, 200 теңге беріп, тіркеле салған артық қой. Пара алудың да, берудің де қажеті жоқ. Тіпті интернет арқылы тіркелуге болады", - деп атап өтті көші-қон полициясының өкілі.
Атап өтерлігі, жалға берушілер де өз тұрғындары тіркелмесе, айыппұл арқалайды. Жеке тұлғалар 10 АЕК (22,600 теңге), шағын кәсіп иелері - 15 АЕК (34 мың теңге), ал ірі кәсіп субъектілері - 50 АЕК (113,5 мың теңге) төлейді.
Уақытша тіркелмегендерге қашаннан бастап айыппұл салынады?
Заң 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енсе де, құқық қорғау органдары заңға қатысты барлық қажетті актіні үкіметтен бекітіп алуы тиіс. Сондықтан уақытша тіркелмеген азаматтар 1 ақпаннан бастап анықталады.
Еске салайық, 2016 жылдың 22 желтоқсанында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев терроризмге қарсы күрес шараларын күшейтуді қарастыратын заңға қол қойған болатын. Заңға сәйкес, жалға берушілер өз жылжымайтын мүліктерінде тұрып жатқан адамдарды тіркеуге міндетті. Бұл заң Ақтөбе мен Алматыдағы терактілерге байланысты қабылданып отыр.