Алматы қаласының Алмалы аудандық соты өзін ҰҚК төрағасының жиені ретінде таныстырып, адамдарға ақшаға жұмысқа орналастырып беремін деп уәде берген 38 жастағы ер адамға үкім шығарды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Сот материалдарына сәйкес, 2024 жылдың наурызында А.Т. А.М.-ға ҰҚК-ге жұмысқа орналастыруға көмектесемін деп уәде берген. Ол бұл көмегі үшін жәбірленушіден 6 497 400 теңге алған.
Сондай-ақ ол танымал скрипкашы Айман Мұсақожаеваны қызметіне қайта тағайындап беремін деп уәде беріп, оның күйеуі Б.А.-дан делдал А.А. арқылы 45 миллион теңге алған.
Кейін Мұсақожаеваны қызметке қалпына келтіру үшін қалған соманы төлеу керек деген желеумен А.А.-ға ресми түрде тиесілі LI L9MX маркалы, құны 33 миллион теңге тұратын автокөлікті де иемденген.
Сот оның әрекетін аса ірі мөлшерде бірнеше рет жасалған алаяқтық деп саралады. Айыпталушы кінәсін мойындап, жәбірленушілерге келтірілген шығынның орнын толық толтырған. Жәбірленушілер талаптарынан бас тартты, азаматтық талаптар қараусыз қалдырылды.
Сонымен қатар сот айыпталушыға 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, бірақ Қазақстан Конституциясының 30 жылдығына орай жарияланған рақымшылыққа байланысты мерзім 4 жылға дейін қысқартылды. Алайда жаза шартты түрде өтелетін болды, оған барлық мерзімге пробациялық бақылау белгіленді.
Оған қатысты "қамауда ұстау" түріндегі бұлтартпау шарасы күшін жойып, ол бірден босатылды. Сонымен қатар ол тұрақты тұрғылықты мекенжайын ауыстыруға құқылы емес, пробация қызметін хабардар етпей тұрғылықты жерінен тыс жерлерге шығуға, түнгі ойын-сауық орындарына баруға тыйым салынған.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!