Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қауіпсіздік комитетінің функцияларын кеңейтті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Мемлекет басшысы 1996 жылғы 1 сәуірдегі № 2922 "Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті туралы ережені бекіту туралы" Президент жарлығына өзгерістер мен толықтырулар енгізетін құжатқа қол қойды. Жаңартылған ереже Қауіпсіздік комитетінің қаржылық мониторинг және мемлекеттік материалдық резервтерді басқару саласындағы функцияларын кеңейтуді көздейді.
Қаржылық мониторинг
Енгізілген түзетулерге сәйкес, ҰҚК енді уәкілетті органның сұрау салуы негізінде қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға, терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл шеңберінде өз ақпараттық жүйелерінен мәліметтер беретін болады.
Мемлекеттік және жұмылдыру резервтерін басқару
Құжатта Комитеттің мемлекеттік материалдық резервке қатысты мынадай жаңа міндеттері нақтыланды:
- материалдық құндылықтардың номенклатурасы мен сақтау көлемдері бойынша ұсыныстар енгізу;
- жұмылдыру резервінен құндылықтарды қарыз алу тәртібімен немесе жаңарту мақсатында шығару туралы шешімдер қабылдау;
- резерв құндылықтарын сақтау мен жаңартуды ұйымдастыру;
- номенклатура өзгерген жағдайда немесе жаңарту кезінде материалдық құндылықтарды басқа
- мемлекеттік органдарға өтеусіз беру;
- резерв құндылықтарының орнын ауыстыру және жеткізу бойынша рәсімдерді үйлестіру;
- жұмылдыру резервін қалыптастыру мен сақтау шығындары жөніндегі ұсыныстарды Үкіметке енгізу.
Жарлықтың басым бөлігі қол қойылған күнінен бастап күшіне енді. Алайда материалдық резервтерге қатысты бірқатар арнайы нормалар 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданылады.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!