Премьер-министрдің орынбасары - ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин 2026 жылы Қазақстанда зейнетақы мен жәрдемақылар қанша пайызға өсетінін айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Үкіметтегі брифинг барысында вице-премьер 2026 жылға арналған бюджетте зейнетақы мен жәрдемақыларды 10 пайызға арттыру көзделгенін мәлімдеді.
"Салыстыру үшін айтсақ, 2025 жылы бұл көрсеткіш 8,5 пайыз болды. 2026 жылғы бюджетте тек зейнетақы мен жәрдемақыларды арттыруға 636 миллиард теңге қарастырдық", - деді Жұманғарин.
Ол индексация кең ауқымды қолдау бағдарламасының бір бөлігі екенін атап өтті.
Сондай-ақ, Жұманғарин экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету және азаматтарды қолдауға бағытталған бірлескен іс-қимыл бағдарламасы туралы еске салды.
"Біз Ұлттық банк, ҚНРДА және Үкіметтің бірлескен іс-қимыл бағдарламасын әзірледік. Мұнда мәселе тек зейнетақы мен жәрдемақыларды индексациялау ғана емес, шағын және орта бизнесті қолдау туралы да болып отыр. Бұл өте маңызды", - деді ол.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!