Денсаулық сақтау минстрі Қазақстанда қанша токсинді ойыншық пен азық-түлік табылғанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Денсаулық сақтау минстрі Қазақстанда қанша токсинді ойыншық пен азық-түлік табылғанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Үкімет отырысы кезінде Елжан Біртанов ай сайынғы өнім қауіпсіздігі бойынша өткізілетін бақылау қорытындысы жыл басынан бері сатып алынған 38 мың өнім түрлерін қамтығанын айтты.
"Олардың 9,4 пайызы талапқа сай емес. Оның ішінде тамақ өнімінің 7,3 пайызы сапасыз. Ал талапқа сай емес өнімдердің басым бөлігі импорт - 67,3 пайыз, отандық өнімде - 32,7 пайыз өнім сапасыз", - дейді денсаулық сақтау министрі.
Министрдің сөзінше, сыртқы экономикалық қызметтің 50 қатысушысы талаптарды бұзып, 52 мың сапасыз тауарды елге кіргізген.
"Жеңіл өнеркәсіп өнімдері, ойыншықтар, азық-түлік. Олар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Адам өміріне қауіпті 172 тонна азық-түлік өнімдері тәркіленіп, жойылды. Балалар тауары тексеріліп, ойыншықтардың 36,3 пайызы токсинді және баланы жарақаттауы мүмкін екені анықталған. Бұл көбіне Қытай мен Түркиядан әкелінетін ойыншықтар", - дейді Біртанов.
Бұл мәліметтерден кейін премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Жаңа жыл қарсаңында бұл мәселелерді кабинеттерде талқыламай, халықты ескерту керектігін айтты.
"Елжан Амантайұлының айтқаны бойынша, 50 тасымалдаушының зиянды заттар тасығанын анықтасаңыздар, халық олардың кім екенін біле ме?", - деп сұрады үкімет басшысы.
"Дүкенге барғанда қандай затты алмау керектігін білу үшін. Еш жерде ақпарат жоқ қой. Сіздер 70 миллион теңге айыппұл салдыңыздар, ал тасымалдаушылар миллиард теңгеге тауар әкеледі. Еш нәтиже болмасы анық қой. Халықты ақпараттандыру керек. Жарнама экрандарынан көрсетілуі керек", - дейді Сағынтаев.