ҚР премьер-министрі Асқар Мамин Парламент палаталарының бірлескен отырысына қатысты, онда Үкіметтің 2018 жылғы республикалық бюджеттің орындалуы туралы есебі қабылданды, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі.
ҚР премьер-министрі Асқар Мамин Парламент палаталарының бірлескен отырысына қатысты, онда Үкіметтің 2018 жылғы республикалық бюджеттің орындалуы туралы есебі қабылданды, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі.
2018 жылғы республикалық бюджеттің орындалуы туралы баяндай отырып, ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасары - қаржы министрі Әлихан Смайылов 2018 жылдың бюджеттік саясаты мемлекеттік қаржының тұрақтылығын нығайтуға және экономиканы одан әрі дамытуға бағытталғанын атап өтті.
Бюджет қаражаттарын жұмсаудың басым бағыттары - экономиканың нақты секторын қолдау, жұмыс орындарын сақтау және әлеуметтік саланы дамыту болды. 2018 жылдың қорытындысы бойынша экономика өсімі 4,1 пайыз құрады. Бюджетке 8,8 триллион теңге түсім түсті. Шығыстар бойынша орындалудың жоғары пайызы қамтамасыз етілді - 99,8 пайыз.
"Бюджеттің әлеуметтік бағыттылығы сақталды. Аталған мақсаттарға барлық шығындардың жартысына жуығы пайдаланылды, яғни бұл - 4,3 триллион теңге. Әлеуметтік көмек пен әлеуметтік қамсыздандыруға 2,6 триллион теңге бөлінді. Бюджеттен 3 миллион 530 мың адамға зейнетақы мен жәрдемақылар төленді", - деді Әлихан Смайылов.
Отырыс барысында ҚР Парламенті Сенатының депутаты С. Плотников, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қ. Жабағиев мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру, республикалық бюджетті атқару, сондай-ақ, отандық автоөнеркәсіпті дамыту мәселелерін қозғады.
ҚР премьер-министрі Асқар Мамин бюджетті жоспарлаудың тиімділігін одан әрі арттыру және толықтай игеруді қамтамасыз ету мақсатында осы жылдың соңына дейін енгізілетін бірқатар реформа дайындалып жатқанын атап өтті.
Автоөнеркәсіпті дамытуға қатысты, ҚР Үкіметінің басшысы осы жылдың бес айының қорытындысы бойынша автоөнеркәсіптің 46 пайызға өскенін мәлімдеді. Бүгінде автоөнеркәсіп саласы Қазақстанда экономиканың негізгі драйверіне айналуда. Өткен жылы 30 мыңға жуық автокөлік шығарылды, биыл 50 мыңнан астам автокөлік шығару көзделген.
2021 жылға қарай жергіліктендіру деңгейін 50 пайыз дейін жеткізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Автонесиелендіру аясында қолжетімділікті арттыру мақсатында өткен жылы 3 мыңға жуық автокөлік қаржыландырылды.
Биыл Ұлттық Банкпен бірлесіп несиелендіру көлемін 15 мың автомобильге дейін жеткізу жоспарланған. Отандық автомобильдерді сатып алу бойынша несиелендіру көлемі бес есеге арттырылады.
"Бұл өндірісті дамыту үшін тиісті серпін береді, ал Қазақстан азаматтары автокөлік сатып алу үшін жеңілдікпен қаржы құралына ие бола алады. Бұл жердегі динамика жақсы, оны арттыратын боламыз", - деп жауап берді премьер-министр.
Отырыс соңында премьер-министр Асқар Мамин депутаттарға бірлескен тиімді жұмысы, Үкіметтің 2018 жылғы республикалық бюджеттің орындалуы туралы есебін тыңдау бойынша ашық әрі сындарлы ұсыныстары үшін алғыс білдірді.
"Депутаттар көтерген барлық сауалдар, ескертулер мен ұсыныстар бойынша нақты жұмыстар ұйымдастырылады. Қажетті шаралар шұғыл қабылданады", - деді Асқар Мамин.
Сонымен қатар ҚР Парламент Палаталарының бірлескен отырысында 2018 жылғы республикалық бюджеттің орындалуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің есебі жарияланды.
Есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунова 2018 жылы республикалық бюджеттің орындалуы Үкіметтің Парламент пен Есеп комитетінің өткен жылғы ұсыныстарын ескерумен бюджет процесінде жүргізген ауқымды өзгерістерінің аясында өткенін айтты.
"Өткен жылғы қарастыру қорытындысы бойынша Есеп комитетінің Үкімет пен мемлекеттік органдарға берген ұсыныстар қатарынан 72 пайызы іске асырылған және орындалу сатысында, бұл бюджеттің орындалуы бойынша жағдайды жақсартуға септігін тигізді. Бюджетке 2 есе аз түзетулер енгізілді, бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану 4 есеге дерлік төмендеді, оң динамика нығайды", - деді Наталья Годунова.