ҚР премьер-министрі Кәрім Мәсімов Қарағанды облысына жұмыс сапары аясында аймақта түйнеме ауруының тіркелуі жағдайына байланысты кеңес өткізді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ҚР премьер-министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ҚР премьер-министрі Кәрім Мәсімов Қарағанды облысына жұмыс сапары аясында аймақта түйнеме ауруының тіркелуі жағдайына байланысты кеңес өткізді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ҚР премьер-министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Айта кетейік, бұған дейін Қарағанды облысы Шет ауданының Еркіндік ауылында түйнеме ауруы тіркелгені белгілі болған. Бүгінгі таңда түйнеме ауруына шалдыққан деген күдікпен 8 оқиға тіркелді, оның ішінде 2 адам көз жұмды. Осыған байланысты бұл елді мекенде ТЖ режимі жарияланды.
Кеңес барысында қолға алынып жатқан шаралар туралы Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков, ҚР бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин, ҚР АШМ вице-министрі Гүлмира Исаева, ҚР ДСӘДМ басшысы Тамара Дүйсенова, сонымен қатар ҚР ІІМ вице-министрі Юрий Ильин баяндама жасады.
Кеңесті қорытындылаған Кәрім Мәсімов бірқатар нақты тапсырма берді. Ауыл шаруашылығы министрлігіне ветеринарлық қызметтердің жұмысының тиімділігіне талдау жасау, вакцина сапасына сараптама жүргізу тапсырылды. Мал қорымдарының күйі туралы мәселені Үкіметтің селекторлық отырысының күн тәртібіне жеке шығару ұйғарылды.
Ал Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне премьер-министр түйнеме дертіне шалдыққан науқастарға көрсетілген медициналық қызметтердің сапасын тексеруді және бұдан былай мұндай жағдайларға жол бермеу үшін қатаң шаралар қабылдауды тапсырды. Сондай-ақ, Қарағанды облысының әкіміне өңірдегі профилактикалық және эпидемияға қарсы шаралар кешенін қабылдау тапсырылса, Ішкі істер министрлігіне аталған дерек бойынша тергеуді соңына дейін жеткізу жүктелді.
Айта кетейік, Қазақстанның премьер-министрі Кәрім Мәсімов Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қарағанды облысында жұмыс сапарымен жүр. Қарағанды әуежайына келген соң Мәсімов әуе айлағының жұмысымен танысып, көліктік инфрақұрылым нысандарындағы қауіпсіздікті ұйымдастыру бойынша шаралар туралы мәліметті тыңдады.
Қарағандыға ұшып келдім. Жұмыс сапары.
— Карим Масимов (@KarimMassimov) 27 июня 2016 г.