Әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының жоғарылауының себептері анықталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының жоғарылауының себептері анықталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
ҚР Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев үкімет отырысы барысында дағдарысқа қарсы жоспардың аясында әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын көтеруге жол бермеуді тапсырғанын мәлімдеді.
Әлеуметтік маңызы бар тауарлар дегеніміз - бірінші қажеттіліктегі 33 тауар түрі (макарон өнімдері, жармалар, ет-сүт өнімдері, жұмыртқа мен тұз).
Ресми статистиканың мәліметтеріне сүйенсек, жылдың басынан бері азық-түлік өнімдері бағасының индексі 5,4 пайызды құраған. Ал 2016 жылдың 30 тамызында азық-түлік өнімдері бағасының индексі 9 пайызға жеткен. Қант бағасы - 30 пайызға, жармалардың бағасы - 23 пайызға, бірінші сортты ұннан жасалған нан бағасы 18 пайызға дейін көтерілген.
"Ұлттық экономика министрлігі нарықтар теңгеріміне талдау жүргізді. Нәтижесінде ішкі нарықтағы әлеуметтік мәні бар тауарлар бағасының өсуіне әсер ететін бірқатар себептер анықталды. Біріншісі әлемдік нарықтардағы баға жағдаятының өзгеруі және ұлттық валютаның әлсіреуі импорттық жеткізулерге тәуелді тауарларға әсер етті, олар бойынша отандық тауарларды тұтынудың қамтамасыз етілуі 60 пайыздан төмен", - деді ҚР Ұлттық экономика министрі.
Осыған байланысты министр әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының жоғарылауына ненің әсер еткенін айтып айтып өтті.
"Маусымдық ауытқудың әсері. Жыл сайын тауардың жекелеген түрлері бойынша қоймадағы қордың азаюына байланысты олардың бағасы құбылып тұрады. Бұл ең алдымен көкөністер: картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат, қызылша. Баға, әдетте, мамыр-тамыз айларында көтеріледі. Төртіншіден, экспорттық жеткізудің әсері. Еуразиялық экономикалық одақ аясында, Ресей мен Қырғызстанның шекара маңындағы бағалардың өскен жағдайда ішкі нарықтағы тауарлар құны да көтеріледі. Бүгінгі таңда жоғарыда аталған факторлар бағаның өсуіне әсер етті, жыл соңына дейін айтарлықтай өсім болмайды деп күтілуде", – деді Қуандық Бишімбаев.
"Әлемдік нарықтағы бағаның өзгеруі мен ұлттық валютаның әлсіреуі шетелден жеткізілетін тауар бағаларының жоғарылауына алып келді. Табиғи монополия қызметтері бағасының жоғарылауы да азық-түлік өнімдерінің бағасына әсер етеді. Бағалардың маусымдық ауытқуы да себеп болып отыр. Сондай-ақ, жыл сайын белгілі бір тауар өнімдерінің бағасы түседі. Мысалы, картоп, сәбіз, пияз, ақбас қырыққабаты, қызылша. Азық-түлік бағаларының жоғарылауы көбінесе мамыр айы мен тамыз айларының аралығында байқалады", - деді Бишімбаев.
2015-2016 жылдардағы тұрақтандыру қорларының жұмысын талдау көрсеткендей, олардың әлеуеті тиісті деңгейде жұмыс істемейді. Министр бағалардың күрт өсуі азық-түлік тауарларының қорлары төмен өңірлерге тән екенін айтты.
Бұдан өзге, Қуандық Бишімбаев нарық субъектілерінің жосықсыздығына тоқталып өтті.
"Тауарлардың үстеме бағалары 200 пайыздан аса құраған жағдайлар анықталды. Министрлік әлеуметтік мәні бер тауарларға бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында жұмыс жүргізуде. Монополияға қарсы орган ағымдағы жылдың басынан бері 27 тексеру жүргізді, олардың 12-сі аяқталды, 15 тексеру әлі жүргізілуде. Монополияға қарсы орган жүргізген тескерулердің қорытындысы бойынша материалдық санкциялардың жалпы сомасы монополиялық кірісті есептегенде шамамен 23 миллион теңгені құрады, оның ішінде мемлекет бюджетіне 12 миллион жуық теңге түсті", - деп баса айтты Қуандық Бишімбаев.
Сонымен қатар, ҚР Ұлттық экономика министрі заңнама жүзінде қандай шараларды қолдану қажеттігін айтып өтті. "Сауда үстемесіне қатысты нормативтік-құқықтық актілерге тауар өнімдері бағасын ең көп дегенде 25-30 пайызға дейін көтеру үшін өзгертулер енгізуді ұсынамын. Ал әкімдіктегілер нарықтағы бағаға әсер ете алмайды. Сондай-ақ, отандық өнім шығарушылар сауда орындарының 25-30 пайыз аумағына ие болу үшін заңды түрде осы мәселемен айнылысу керек", - деді министр.
© primeminister.kz
ҚР премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев әлеуметтік маңызы бар тауарларға бағаның өсуіне жол бермеу мәселелері бойынша өткен Үкімет отырысы кезінде СҚО әкімін рейтинг қумай, жүйелі жұмыс істеп, бағаның өсуіне жол бермеуге шақырды.
"Сіздерде қанттың, қарақұмық жармасының, тұз, ет және ет өнімдерінің, пияздың бағасының өсуі байқалуда. Аграрлық өңірде ең қымбат нанның болуын қалай түсіндіресіз?!", - деп сұрады Сағынтаев.
Премьер-министр әлеуметтік маңызы бар тауарларға бағаны тұрақтандыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізу керектігін атап өтті.
"Ерік Хамзаұлы, мен сіздің дауласпауыңызды, саудаласпауыңызды қалаймын, бізге жүйелі жұмыстар жүргізу керек. Екіншіден, меніңше, сіздің мынадай азық-түлік өнімдеріміздің бағасы республикалық деңгейден төмен деп айтқаныңыз жөн емес. Өз аймағыңыз, сондағы өмір сүру деңгейі мен бағалар үшін жауап беріңіз, оларды республикалық деңгеймен салыстырмаңыз", - деді Сағынтаев.