Қазақстан Үкіметінің қайта ұйымдастырылуы мемлекеттік шығыстардың азаюына септігін тигізеді. Tengrinews.kz тілшісінің сауалнамасына қатысқан сарапшылар осылай деп отыр.
Қазақстан Үкіметінің қайта ұйымдастырылуы мемлекеттік шығыстардың азаюына септігін тигізеді. Tengrinews.kz тілшісінің сауалнамасына қатысқан сарапшылар осылай деп отыр.
Инвестициялардың тиімділігін зерттеу жөніндегі агенттіктің (ИТЗА) аға сарапшысы Ерлен Бадыханның айтуынша, Үкіметтің қайта құрылуының бір пайдасы - мемлекеттік шығыстардың азаюы. Егер мемлекеттік қызметкерлердің саны мен оларды қамтамасыз ету жағы сөз жүзінде емес, іс жүзінде азайса. Сарапшының мәліметінше, 2003-2013 жылдары мемлекеттік қызметкерлердің нақты саны 8,5 мыңға көбейіп, бүгінде 90 мың адамнан асып тұр. Ал оларды материалдық жағынан қамтуға кететін шығыс көлемі осы аралықта 3,5 есеге артып, 600 млрд теңгеге жуықтады.
Сарапшы 1-2 жылдан соң осы министрліктерді тағы да қайта құру немесе агенттіктер мен комитеттерге бөлу күтіп тұр деп топшылауға болатынын айтады. Саясаттанушы Айдос Сарым да бұл пікірді қолдайды. Оның айтуынша, бір не біржарым жылдан соң сайлауалды науқандар басталады, сол кезде "қайтадан бөлек министрліктер құру керек еді" деген әңгімелер айтылатын болады. "Үш ведомствода болған мәселелерді бір "суперведомство" шеше алады деу талас туғызады", - дейді ол.
Ерлен Бадыханның айтуынша, Қазақстанда мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы белгілі бір министрліктердің атауына емес, оларды басқарушы тұлғаларға байланысты. "Біз кешегі отырыс кезінде жаңа есімдердің аталмағанын көрдік, тек кейбіреулер агенттіктер мен комитеттерді қоса басқаратын болды немесе біреулер қызметін ауыстырды. Бір айта кетерлігі, олардың басқаратын саласындағы тәжірибесі онша көп роль атқарған жоқ. Бұл орайда мен түпкілікті өзгерістер болады деп зор үміт арта алмаймын", - деді Бадыхан.
Өз кезегінде Айдос Сарым Үкіметтің Қазақстанда мемлекеттік қызмет "тым көп" болып кеткендіктен, қайта ұйымдастырылғанын айтады. "Мемлекеттік қызметті ара-тұра сілкіп тұру керек. Бірақ мемлекеттік қызметке серпін беретін басқа тетіктер, қандай да бір парламенттік сындар болмағаннан кейін ең болмағанда әкімшілік әрекеттермен жан беруге тура келеді. Шын мәнінде, проблема өте көп. Украинамен, Ресейге қатысты санкциялармен байланысты мәселелерден бастап, үлкен модернизациялық жағдайларға дейін. Елді жаңғырту қажет, бірақ ол үшін мүлдем басқа мемлекеттік аппарат пен мүлдем басқа мотивация керек. Біз карта колодасын ауыстырудың аз екенін, басқа ынталандыру жағдайлары керек екенін көріп отырмыз", - дейді Сарым.
Саясаттанушының айтуынша, агенттіктер мен министрліктерді жою, біріктіру - шығыны көп жұмыс, ол тіршілік пен бизнеске қатысты. "Кез келген қайта ұйымдастыру ісі ұйымның қызметін кем дегенде екі-үш айға тежейді. Бүгінде барлық есепшот пен қазынашылықтар тоқтады, шенеуніктердің өзінің өмірі де бір сәтке тежелді. Адамдар "енді кім боламын, мені қайда тағайындайды, басқа жұмыс іздеу қажет емес пе" дегенді көбірек ойлайды", - дейді ол. Сарым мемлекеттік сатып алулар саласында да көп жұмыс тоқтайтынын, соның кесірінен жылдың соңында көп қаржыны игеру үшін асығыс тендерлер өткізілетінін болжайды.
Саясаттанушы жоғары жақта болған қайта ұйымдастыру енді төменгі жақтарға да ауысатынын айтады. Қайта құрылымдаулар мен ауыс-түйістердің облыстарда да болуы мүмкін. Еске сала кетейік, 6 тамыз күні Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада өткен кеңейтілген отырыста Үкіметтің қайта құрылатынын мәлімдеген еді.