Украинада қазақстандық кәсіпкер Тимур Турловтың компаниясы санкцияға ұшырады. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Украинада қазақстандық кәсіпкер Тимур Турловтың компаниясы санкцияға ұшырады. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Украинаның бағалы қағаздар және қор нарығы жөніндегі ұлттық комиссиясы "Фридом Финанс Украина" ЖШҚ лицензияларын 2022 жылғы 19 қазанда Украина Президентінің Жарлығымен Украинаның Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің "жеке арнайы экономикалық және басқа да шектеу шараларын қолдану және оларға өзгерістер енгізу туралы" шешімі негізінде тоқтатты", - делінген хабарламада.
Лицензиялар тоқтатылғаны, бірақ жойылмағаны атап өтілді.
"Бұл санкциялардың негізгі салдарының бірі - клиент алдындағы міндеттемелерді орындамау. Бірақ компания бұл шектеулерді қателік деп санап, шешімге қарсы екендерін білдіреді. Біздің қызметіміз және компанияның құрылымы туралы толық ақпаратпен барлық инстанцияларға өтініштер жіберілді", - деп түсіндірді компания.
Бұдан әрі "Фридом Финанс Украина" ЖШҚ Украинаның бағалы қағаздар және қор нарығы жөніндегі ұлттық комиссиясының шешімдерін басшылыққа алатыны атап өтілді.
Компания украиналық инвесторлар "Фридом Финанс Украина" арқылы сатып алған және депозитарлық мекемеде сақталған барлық активтер клиенттерге толық меншік құқығы негізінде тиесілі деп сендірді.
"Компания мүмкіндігінше клиенттер алдындағы барлық міндеттемелерді орындайды. Санкциялар салу Украинаның қор нарығының бүкіл жүйесі үшін күтпеген жағдай болды. Біз Украинада көптеген жылдар бойы жұмыс істеп, Украинаның қор нарығын, оның экономикасын, қор нарығының инфрақұрылымын белсенді дамытып келеміз.
Санкциялар тек "Фридом Финанс Украина" ЖШҚ-ға қатысты болды, ол арқылы қазір клиенттер Украинаның қор нарығында бағалы қағаздармен сауда жасайды", - деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.
Украина азаматтары әлі де Freedom Finance Europe-дегі шоттары мен активтеріне қол жеткізе алады.
"Еуропалық брокер арқылы олар халықаралық қор биржаларына инвестиция сала алады. Еуропалық брокердің шоттарындағы клиенттердің барлық қаражаты Еуроодақ заңнамасымен қорғалған", - деп қорытындылады компания.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!