Украинаның 37 азаматы Қазақстан билігіне босқын мәртебесін алуға өтініш білдірді. Tengrinews.kz тілшісіне бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігі мамандары хабарлады.
"Бүгінде Алматы, Астана қалалары мен облыстардың ішкі істер департаменттерінің көші-қон полициясы басқармаларына босқын мәртебесін беруді сұрап, Украинаның 37 азаматы өтініш білдірді", - делінген Tengrinews.kz-тің сауалына қайтарылған жауапта.
Қазақстан аумағында барлығы 589 босқын немесе 131 отбасыға құқықтық-әлеуметтік көмек көрсетіледі, олар қорғауға алынған. Олардың дені - 556 адам - Ауғанстаннан келгендер.
Айта кетейік, ҚР Ішкі істер министрінің блогына Қазақстан билігінен босқын мәртебесін беруді сұрайтын Украина азаматтарынан өтініштер келіп түсіп жатыр.