Қазақстан Ұлттық банкі цифрлық теңгеге инвестиция салу туралы ұсыныстарға қатысты алаяқтық схемалардың көбейгенін тіркеді. Қаскөйлер жоғары табыс пен мемлекет пен Ұлттық банктің қолдауына уәде беріп, «мемлекеттік инвестициялық жоба» туралы жарнама таратуда, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Алаяқтар қалай әрекет етеді?
Әлеуметтік желілерде азаматтарды "шектеулі ұсыныс" немесе "соңғы мүмкіндік" деген желеумен фишингтік сайттарға тартады.
"Жалған платформаларда, әдетте, азаматтарды қайтадан ақша салуға итермелеу үшін "өсіп келе жатқан пайданы" көрсететін жеке кабинеттің көрінісі жасалады. Осылай алдау арқылы қаскөйлер азаматтардың қаржысына қол жеткізеді", - деп хабарлады Ұлттық банктен.
Ұлттық банк цифрлық теңге – бұл ұлттық валютаның цифрлы түрі және заңды төлем құралы ғана екенін хабарлайды. Яғни, цифрлық теңге инвестициялық құралға жатпайды және пайда табуға арналмаған.
Азаматтарға арналған ұсыныстар
- Ақпаратты тек ресми дереккөздер арқылы тексеру және күмәнді сілтемелерге өтпеу.
- Қашықтан қол жеткізуге арналған қосымшаларды орнатпау және SMS-кодтарды немесе карта деректерін хабарламау.
- Үшінші тұлғаларға ақша аудармау және белгісіз нөмірлерден шалынған қоңырауларға жауап бермеу.
- Ұлттық банк қызметкерлері аудио және видеоқоңыраулар жасамайтынын, жеке тұлғалардың шоттарына қызмет көрсетпейтінін және инвестиция ұсынбайтынын есте сақтау қажет.
Алаяқтыққа тап болған жағдайда дереу құқық қорғау органдарына хабарласу ұсынылады. Қосымша кеңесті Ұлттық банктің 1477 қысқа нөмірі бойынша байланыс орталығынан алуға болады.
Цифрлық теңге дегеніміз не?
Бұл қолма-қол және қолма-қол ақшасыз төлемдердің қасиеттерін біріктіретін Қазақстан валютасының үшінші түрі. Кәдімгі қолма-қол ақшасыз қаражаттан айырмашылығы, цифрлық ақшамен тауарлар мен қызметтер үшін интернетке қосылмай-ақ төлем жасауға болады, сондай-ақ оларды бағдарламалауға мүмкіндік бар, бұл цифрлық теңгені ыңғайлы, жылдам және арзан төлем құралына айналдырады. Цифрлық теңге туралы толығырақ осы жерден оқыңыз.