Қазақстан кәсіпкерлерінің ұлттық палатасы отандық бизнестің құқықтарын Еуразиялық экономикалық сотта қорғауға мүдделі болып отыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ұлттық палатаның басқарма төрағасының орынбасары Рахым Ошақбаевқа сілтеме жасап.
Қазақстан кәсіпкерлерінің ұлттық палатасы отандық бизнестің құқықтарын Еуразиялық экономикалық сотта қорғауға мүдделі болып отыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ұлттық палатаның басқарма төрағасының орынбасары Рахым Ошақбаевқа сілтеме жасап.
Оның айтуынша, Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы бизнес мәселелерге ерекше мән беріледі. Сол себепті қандай да бір даулы мәселеде әрбір мемлекет өз мүддесін барынша қорғауға тырысады. "Ондайда соттың көмегіне жүгінуге тура келеді. Сондықтан бүгінде біздің комиссияға (Еуразиялық экономикалық комиссиясы - авт.) енгізген ұсыныстарымыздың бірі - Қазақстан кәсіпкерлерінің ұлттық палатасына тікелей Еуразиялық экономикалық сотқа шығып, отандық бизнестің құқығын қорғауға мүмкіндік беру. Себебі кәсіпкерлер, көп жағдайда, ондай сотқа кететін шығындарды көтере алмайды. Біз болсақ, қажетті заңнаманы жинап, соның негізінде тек бөлек өнеркәсіптердің ғана емес, тұтас бір саланың да бизнес құқықтарын қорғай алатын едік. Негізі, ел Үкіметі біздің осы ұсынысымызды қолдап отыр. Енді, оны келісімде (Еуразиялық одақты құру туралы келісім - авт.) де ашық көрсету керек", - дейді Ошақбаев Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде.
Айта кетейік, бұған дейін Үкімет басшысының бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев келесі жылдан бастап құрылатын Еуразиялық экономикалық одақтың барлық органдарында Қазақстанның өкілдері болады деп мәлімдеген еді. Оның айтуынша, одақ сотында біздің екі адамымыз болады.