Қазақстанда Қазақ тілінің ұлттық сөздік қорын құру жоспарланып отыр. Тиісті жобаны Ғылым және жоғары білім министрлігі әзірледі, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Құжатқа сәйкес, ұлттық сөздік қоры академиялық және аударма сөздіктер, Қазақ тілінің ұлттық корпусы, терминологиялық база және әртүрлі форматтағы деректер жиынтығын қамтитын дата-сеттер негізінде қалыптастырылады.
"Жобаның маңызды аспектісі – Қазақ тілінің ұлттық сөздік қоры ашық қолжетімді мемлекеттік ақпараттық жүйе болатыны. Бұл оны білім беру және ғылыми мақсаттарда, сондай-ақ қазақ тілін өңдеу технологияларын дамыту үшін барынша тиімді пайдалануға мүмкіндік береді", – делінген құжатта.
Қазіргі ережелерде мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
- Генерация – деректер мен алдын ала белгіленген ережелер негізінде жаңа контентті (мәтін, сурет, дыбыс) автоматты түрде жасау процесі;
- Жасанды интеллект (ЖИ) модельдері – қазақ тіліндегі деректерді өңдеу технологиялары мен алгоритмдерін түрлі жүйелерге, қосымшаларға немесе платформаларға енгізу процесі.
Ұлттық сөздік қорын қалыптастырудың мақсаттары:
- Қазақ тілін мәдени құндылық ретінде сақтау, қорғау және дамыту;
- Мемлекеттік тіл мәртебесін нығайту;
- Қазақ тілінің барлық қолдану салаларын қамтитын ресурстарды жинақтау;
- Қолданыстағы лексикалық құрамды жүйелеу, цифрландыру және генерациялау;
- Қазақ тілін жасанды интеллектке және заманауи технологияларға бейімдеу;
- Тілдік деректерді өңдеу үдерістерін автоматтандыру.
Жоба "Ашық НҚА" порталында 2025 жылдың 19 наурызына дейін қоғамдық талқылау үшін орналастырылған.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!