12 желтоқсан 2014 15:16

Ұлттық ұланның кіші сержанты ерлігі үшін "Айбын" орденімен марапатталады

ПОДЕЛИТЬСЯ

ІІІ дәрежелі "Айбын" ордені. ©Tengrinews.kz ІІІ дәрежелі "Айбын" ордені. ©Tengrinews.kz

Ұлттық ұлан қызметкері Ақылбек Қоңыров Тәуелсіздік күні қарсаңында мемлекеттік награда - ІІІ дәрежелі "Айбын" орденімен марапатталады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ұлттық ұланның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.


Ұлттық ұлан қызметкері Ақылбек Қоңыров Тәуелсіздік күні қарсаңында мемлекеттік награда - ІІІ дәрежелі "Айбын" орденімен марапатталады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ұлттық ұланның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

2014 жылы 15 желтоқсанда сағат 15.00-де Ильинка кентінде Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының жаңа әскери қалашығында Тәуелсіздік күнін мерекелеуге арналған салтанатты іс-шара өтеді. Онда Ұлттық ұланның 6505 әскери бөлімі 8 атқыштар ротасының жауынгері кіші сержант Ақылбек Қоңыровқа мемлекеттік награда - ІІІ дәрежелі "Айбын" ордені табысталады. Орденді салтанатты түрде Елбасының атынан жауынгерге Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов тапсырады. 

"ҚР Президентінің жарлығымен Ақылбек жоғары марапатқа Тәуелсіздік күні қарсаңында лайық деп танылды. Мемлекеттік наградаға ұсынуға жауынгердің былтыр мамыр айындағы ержүректілігі мен қайсарлығы себеп болды. Кіші сержант Ақылбек Қоңыров бұл күні өз пәтерінде кезекті қызметке түсуге дайындалып жатқан. Кенеттен ол есігін біреудің қағып тұрғанын естиді. Ақылбек есік ашқанда қатты қобалжыған көршісі Андрейді көреді. Ол бірге тұратын әйелі Оксананы бұрынғы күйеуі, бұған дейін төрт рет сотталған Владимир пышақтап тастағанын айтып, көмек сұрайды. Ақылбек сол сәтте еш ойланбастан қоян-қолтық ұрыстың айла-тәсілімен қылмыскерді құрықтап, қолын байлайды. Полиция қызметкерлері келгенде Ақылбек қылмыскерді қолдарына тапсырады. Қылмыскердің қолынан Оксана ауруханаға жетпестен жан тапсырды", - делінген хабарламада.

Сонымен қатар, салтанатты жиынға Астана гарнизоны бойынша 5573, 6636 және 3660 әскери бөлімдерінің жеке құрамдары, сондай-ақ Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының офицерлері мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілері қатысады. Іс-шараға әскер ардагерлері, өзара іс-әрекет органдары мен БАҚ өкілдері шақырылған. Салтанатты жағдайда үздік қызметімен көзге түскен бір топ әскерилерге Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі мен Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының атынан марапаттар тарту етіледі. Іс-шара Ұлттық ұлан ән-би ансамблінің мерекелік концертімен аяқталады.

ІІІ дәрежелі "Айбын" ордені 1995 жылы тағайындалған болатын. Орден жоғары жауынгерлік дайындығын жүргізу, құқық қорғау және қоғамдық тәртіпті меңгерген, жауынгерлік дайындық саласындағы жетістіктері үшін, Қарулы күштердің басқа да әскерлері мен әскери құралымдардың мүшелеріне, сондай-ақ прокуратура, ұлттық қауіпсіздік, ішкі істер қызметкерлеріне әскери және қызметтік міндеттерін орындау кезінде көрсеткен батылдығы мен жанқиярлығы үшін, мемлекет мүдделерін қорғаудағы ерлігі үшін табыс етіледі. "Айбын" орденінің үш дәрежесі бар. І және ІІ дәрежелі "Айбын" орденімен кіші және аға офицерлер, ал ІІІ дәрежелі "Айбынмен" солдаттар, матростар, сержанттар, офицерлер мен мичмандар марапатталады. 

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 443.2   490.7   4.82 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети