AMANAT партиясының қолдауымен "Ұлы дала жорығы" республикалық марафон-бәйге басталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
AMANAT партиясының қолдауымен "Ұлы дала жорығы" республикалық марафон-бәйге басталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
100-ден аса шабандоз Қазақстанның киелі жерлерін аралап, елордадан Түркістанға дейінгі 1200 шақырым қашықтықты басып өтеді.
Бүгін "AMANAT" партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов "Ұлы дала жорығы" республикалық ат марафонының басталуына арналған салтанатты рәсімге қатысты.
Іс-шараны ашқан Ерлан Қошанов ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау сөзін оқып берді.
"Біздің бабаларымыз Ұлы дала шежіресін тұлпардың тұяғымен жазған. Бүгінгі ұрпақ - сол көшпенділер мәдениетінің заңды мұрагері. Шын мәнінде, қазақ пен жылқы егіз ұғым. Арғымақ атты халқымыздың символы деуге болады. Біз қазіргі заманның жақсы қасиеттерін бойға сіңіре отырып, ұлттық болмысымызды жаңғыртуға тиіспіз. Бүгінгі бәйгенің басты мақсаты - осы. Әр өңірден келген шабандоздар кең байтақ Қазақ даласын көктей өтіп, қасиетті Түркістан қаласына ат басын тірейді. Бұл - нағыз азаматтар мен қазанаттар сыналатын дода. Сондай-ақ, елімізге рухани серпіліс әкеліп, жастарды отаншылдыққа баулитын бірегей жоба", - делінген Мемлекет басшысының құттықтауында.
Марафонға қатысушыларға арнаған сөзінде партия Төрағасы AMANAT алдағы уақытта да ат спорты түрлері мен басқа да ұлттық спорт бағыттарын насихаттауға және дамытуға атсалысатынын атап өтті.
"Президентіміздің бастамасымен қазір елімізде ауқымды өзгерістер болып жатыр. Біз Әділетті Қазақстанға бастайтын жолдың бастауында тұрмыз. Бүгінгі жорықтың осындай тарихи кезеңмен тұспа-тұс келуінің үлкен символдық мәні зор. Біздің ұлан-ғайыр жеріміз бар. Сол кең байтақ жерді кесіп өту - ол жігіттің жігітінің ғана қолынан келетін және аттың аты ғана шыдайтын ұзақ жол. Сондықтан жорытқанда жолдарыңыз болсын", - деді Ерлан Қошанов.
Ашылу салтанатына Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, қала әкімі Алтай Көлгінов, Парламент депутаттары мен қоғам қайраткерлері қатысты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, әлемдік тәжірибеде теңдесі жоқ бұл марафон шабандоз мәдениетін Қазақстан бренді ретінде қалыптастыруға негіз болады.
18-29 қыркүйек аралығында марафоншылар елордадан Түркістан қаласына дейін 1200 шақырымнан аса қашықтықты басып өтеді. Марафон 100 шақырымдық 12 сатыға бөлінген. Еліміздің әрбір өңірінен марафонға 1 командадан қатысады. Марафонға қатысушыларға Ұлы Дала рухын сезінуге және түркілердің киелі жерлері - Жошы хан, Алаша хан кесенелері, сондай-ақ, Қазақ хандығының алғашқы астанасы Созақ қаласы пен түркі руханиятының бесігі Түркістан қаласы сияқты тарихи орындарға зиярат жасауға мүмкіндік туады.
Соңғы меже - Түркістан қаласына дейін ең қысқа уақыт ішінде жеткен команда мүшелері бас жүлде - "Ұлы дала сарбазы" атағы мен 30 000 000 теңге көлеміндегі жүлдемен марапатталады. 2-ші және 3-ші орын иегерлері сәйкесінше 20 000 000 теңге және 15 000 000 теңге жүлдені қанжығаға байлайды.
Жарыс барысында барлық қатысушылар демалыс орны, азық-түлікпен және қажет медициналық көмекпен қамтамасыз етіледі.
Марафон-бәйгені AMANAT партиясы, The Great Steppe Tour қоғамдық қоры мен Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырды.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!