Ұлытау облысында инвестиция тарту бойынша жұмыстар белсенді түрде жүргізіліп жатыр. Биылғы жылдың 10 айында 152,5 миллиард теңге тартылған. НКИ (нақты көлем индексі) 122,4 пайызды құрап отыр.
Бәрімізге белгілі, Ұлытау облысының экономикасын өнеркәсіп айқындайды, оның даму деңгейі облыстың әлеуметтік-экономикалық жай-күйі мен тұрақты әлеуметтік климатының басты индикаторы болып табылады.

Алайда, соңғы уақытта инвесторлар тарапынан біздің облыста экологиялық қауіпсіздік және баламалы энергия көздері сияқты жобаларға көбірек көңіл бөлініп жатыр.
Мәселен, "Қазақмыс" Корпорациясының: Жезқазған мыс балқыту зауытының жаңа күкірт қышқылы цехының құрылысы, сондай-ақ Жезқазған қаласы мен Жаңаарқа ауданында жел электр станцияларының құрылысы.

Сонымен қатар, облыста металлургия, химия, жеңіл өнеркәсіп және машина жасауды дамыту үшін әлеуетке ие. Қолда бар минералды базаны және кадрлық әлеуетті пайдалана отырып, жоғары технологиялық өндірістерді дамыту мүмкіндігі жоғары.

Инвестицияларды тарту мақсатында тұрақты негізде отандық және шетелдік инвесторлармен кездесулер мен келіссөздер жүргізіледі.
Қуаты 1 гигаватт жел электр станциясы сияқты инновациялық, экологиялық таза және жоғары технологиялық энергетикалық нысанның құрылысы бүкіл аймақ үшін осы бағыттағы маңызды қадам.
"Мысалы, ағымдағы жылдың қазан айында Ұлытау облысының әкімдігі, қытайлық "Sino Hydro" компаниясы және қазақстандық компания арасында қуаттылығы 1 ГВт жел паркін және қуаттылығы жылына 100 мұнара болатын жел қондырғылары мұнараларының секцияларын шығаратын зауыт салу жөніндегі жобаларды іске асыруда ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды", - делінген хабарламада.
Жобаның қытайлық серіктесі ҚХР Құрылыс және инжинирингтік компанияларының "үлкен алтылығына" кіретін және энергетика нысандарын, оның ішінде ЖЭК құрылысында көшбасшы саналатын - PowerChina компаниясы. Осы зауыттың құрылысы үшін қытайлық инвесторлармен бірлесіп, Жезқазған қаласына капсула салынды.

Бұдан басқа, Ұлытау облысы бойынша 2023 - 2027 жылдары жалпы сомасы 761,4 миллиард теңгеге 1677 жұмыс орны құрайтын 15 инвестициялық жоба пулы қалыптастырылғаны да айтылды.