Өткен апта қамауға алынды деп ақпарат тараған сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Үкімет үйінде журналистердің алдына шықты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Министр журналист Гүлнара Бажкенованың айтқан мәліметін жоққа шығарды. Мәжіліс залына кірген Нұртілеу өзін қаумалаған тілшілерден тыныштық сұрап:
"Айтылған ақпараттың бәрі – өтірік, абсурд. Көктем мен күзде мұндай жағдай болады. Аққа Құдай жақ, бұл да бір сынақ шығар", – деді.
Тілшілердің "Сенбі күні неге тікелей эфирге шығып, ұсталмағаныңызды дәлелдемедіңіз?" деген сауалына министр:
"Мен жұмыс орнымда отырдым. Жиналыс болды, сіздер өздеріңіз де көрдіңіздер. Басқа елдердегі әріптестеріммен сөйлестім, инвесторлармен кездестім. Бәрі әдеттегідей", – деп жауап берді.
Сонымен қатар ол өзіне ауыр айып таққан журналисті сотқа бермейтінін айтты:
"Біз құқықтық мемлекетте өмір сүреміз. Бұл іспен тиісті органдар айналыссын. Мен өз басыма қабылдамаймын әрі сотқа бермеймін. Жолдаудан кейін елде де болмаймын", – деді министр.
Бұған дейін не болды?
4 қыркүйекте бірқатар БАҚ-та Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу, кәсіпкер Гаджи Гаджиев және ҰҚК-нің жоғары лауазымды қызметкерлері ұсталды деген ақпарат тарады.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Мұрат Нұртілеудің ұсталғаны туралы хабарды жоққа шығарды.
"Сыртқы істер министрінің ұсталғаны туралы жаңалық шындыққа жанаспайды. Біз мұны журналистік этиканы және еліміздің қолданыстағы заңнамасын бұзу деп санаймыз", – деді СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров.
Дезинформациямен күрес орталығы да СІМ басшысы Мұрат Нұртілеу мен кәсіпкер Гаджи Гаджиевтің ұсталғаны туралы хабарды жоққа шығарды. Онда "Жалған ақпарат таратуға және оны таратуға көмектесуге заңмен, тіпті қылмыстық жауапкершілікке дейін қарастырылған" деп еске салды.
ҰҚК де мәлімдеме жасап, Telegram-дағы Orda арнасында тараған ҰҚК-нің жоғары лауазымды қызметкерлері ұсталды деген ақпаратты шындыққа сәйкес келмейді деп атап өтті. Кеше СІМ басшысы Мұрат Нұртілеудің кәсіпкерлермен кездескені белгілі болды. Ал прокурорлар Orda бас редакторын қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін ескертті.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!