Алматыда жер үйлердің бірінен өрт шықты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Алматыда жер үйлердің бірінен өрт шықты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қалалық ТЖД мәліметінше, өрт Алмалы ауданында Маршак көшесі, №97 үйде болған. Өрт жайлы хабар сағат 14.00-де түскен. Сағат 14.35-те өрт сөндірілді.
© Леонид Рассказов
Жергілікті тұрғынның айтуынша, өрт оның үйіне дейін жеткен.
"Екінші қабат толықтай өртеніп кетті. Қорқып кеттік, бірден далаға қарай жүгірдік. Газ баллоны жарылып кете ме деп қорықтық", - дейді әйел.
Ер адам жарылыстың алдын алу үшін үйінен газ баллонын алып шыққан.
"Тұрғындар байбалам сала бастады, барлығы "газ баллоны жарылып кетуі мүмкін" деп айғайлап жүрді. Содан мен үйге қарай жүгіріп, газ баллонын алып шықтым", - дейді ер адам.
© Леонид Рассказов
Тағы бір тұрғынның айтуынша, ауладағы үш үй бірдей өртеніп кеткен.
"Ауламызда үш үй бар. Өрт кезінде төрт балам мен бір немерем үйде болды. Ешкім зардап шеккен жоқ, үйден шығып үлгердік. Өртті өзім сөндірмекші болдым, бірақ полицейлер бізді шығарып жерді. Газ баллонының жарылып кету қаупі бар екенін айтты", - дейді тұрғын.
© Леонид Рассказов
Қазіргі уақытта өрт болған жер қоршауға алынды. Онда өртке қарсы қызметтегілер мен полицейлер жұмыс істеп жатыр.
© Tengrinews.kz