Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцинацияның бірінші кезеңі белсенді жүріп жатыр. Қазір вакцинаны қауіп тобындағы адамдар алады: дәрігерлер, полиция қызметкерлері, мұғалімдер. Жақын арада оны басқа адамдар да салдыра алады. Бірақ әзірге көбі вакцинаның пайдасы мен қаупін ойлап екіұшты ойда жүр. Әлеуметтік желілерде де жаңа вирустың зияны туралы түрлі ақпарат тарап жатыр.
Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцинацияның бірінші кезеңі белсенді жүріп жатыр. Қазір вакцинаны қауіп тобындағы адамдар алады: дәрігерлер, полиция қызметкерлері, мұғалімдер. Жақын арада оны басқа адамдар да салдыра алады. Бірақ әзірге көбі вакцинаның пайдасы мен қаупін ойлап екіұшты ойда жүр. Әлеуметтік желілерде де жаңа вирустың зияны туралы түрлі ақпарат тарап жатыр.
Tengrinews.kz тілшісі коронавирус және вакцинация туралы жиі қойылатын сұрақтарға жауап алу үшін COVID-19-ды емдеудің қазақстандық клиникалық хаттамасын әзірлеушілер тобының жетекшісі Бақыт Көшеровамен әңгімелесті.
Коронавирус қайтадан жұға ма? Екінші ретте ауру ауыр өтетіні рас па?
"Иә, қайта жұқтыру жағдайлары болуы мүмкін, өйткені үш айдан кейін антиденелер саны азаяды. Мен Қарағанды облысында жұмыс істеймін, тәжірибемде мұндай жағдайлар әлі кездескен жоқ. Бірақ, әдеби мәліметтерге сәйкес, адам коронавирусты екінші рет жұқтырса, ауру жеңіл де, ауыр да өтетіні туралы дәлелдер бар", - деп жауап берді COVID-19 емдеудің қазақстандық клиникалық хаттамасын әзірлеу тобының жетекшісі.
Коронавирусқа қарсы вакцина қанша тұрады?
"Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцинация тегін, оны тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде жасайды. Себебі бұл халық қауіпсіздігі мәселесі", - деді Бақыт Көшерова.
Вакцинацияның қауіпі мен пайдасы қандай?
"Айта кетейік, иммундау - ең тиімді әдіс. Вакцинациядан кейін адам вирусқа қарсы иммунитетке ие болады, антиденелер пайда болады. Яғни, вакцина иммунитеттің пайда болуына көмектеседі.
Тәуекелдерге келетін болсақ, әрине, олар қашанда бар, бірақ мұнда пайдасы көбірек. Зерттеулерге сәйкес, миллионнан аса адамның тек 10-ында вакцинадан кейін коронавирус асқынатын жағдай болған. Деректерді салыстырыңызшы: миллион адам құтқарылды, 10 аданың ауруы асқынды. Вакциналарды бақылау өте қатал екенін атап өтейін. Олардың барлығы клиникалық зерттеудің бірнеше кезеңінен өтеді", - деді Бақыт Көшерова.
Вакцина әсері қанша уақытқа созылады?
"Бұған дейін вакцинаның әрекеті 6 айға жетеді деп айтылған. Қазір бір жыл деп жатыр. Вакцина алғандардың зерттеліп жатқан тобы бар. Ғалымдар олардағы антиденелердің өсуі мен азаюын бақылап отыр. Сондықтан әзірге бұл нақты нәтиже емес", - деді Бақыт Көшерова.
"Спутник V" вакцинасы коронавирустың жаңа штамдарына төтеп бере ала ма?
"Бүгінгі таңда бізде бразилиялық, ұлыбританиялық, африкалық және басқа да көптеген штамм бар. Яғни вирус мутацияға ұшырап жатыр. Соңғы рет ресейлік мамандар олардың вакцинасы ұлыбританиялық штамнан қорғай алатынын хабарлаған, енді қазір африкалық штамға әсерін зерттеп жатыр", - деді ғалым.
Вакцинациядан бұрын коронавирусқа антиденелерге экспресс-тест тапсыру керек пе?
"Коронавирустан вакцина алған қазақстандықтардан антиденелердің бар-жоғына анықтама сұралмайды. Әзірлеушілердің өзі талдау жасауды ұсынбайды. Аурудан кейін антиденелер 6 ай бойы сақталатыны белгілі, содан кейін вакцинаны алуға болады.
Адам симптомсыз ауырып шықса, антиденелер тезірек жоғалады.
Вакцинациядан бұрын міндетті түрде терапевтке бару керегін ұмытпаңыз", - деді ғалым.
Коронавирус қатерлі ісік тудырады және жасырын ауруларды күшейтеді деген рас па?
"Коронавирус жұқтырғанда қан тамырлар жүйесі зақымданады. Ол барлық адам мүшесінде бар. Яғни, инфекция жұқтырмай тұрып адамда басқа жасырын ауру болса, онда коронавирустан кейін ол асқынып, бар екенін сездіреді.
Бұл онкологиялық ауруларға да қатысты. Адамның коронавирус пен қатерлі ісік туралы бір уақытта білгені кездейсоқтық болуы мүмкін. Коронавирустың қатерлі ісік ауруының дамуына немесе асқынуына әсер ететіні туралы жазылған зерттулерді көргем жоқ", - деп қорытындылады Бақыт Көшерова.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда "ВКонтакте" желісінде парақшамызға тіркеліңіз!