Ертең, Астанадағы "Сарыарқа" республикалық велотрек ғимаратында велоспорттан Азия чемпионаты басталады, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Ертең, Астанадағы "Сарыарқа" республикалық велотрек ғимаратында велоспорттан Азия чемпионаты басталады, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қазақстанның велоспорт федерациясының вице-президенті Қайрат Айтекеновтың хабарлауынша, мамырдың 22-26-сы күндері елордада трек жарыстары өтсе, 26-27-сі күндері велошабандоздар Қарағанды қаласында тас жолға шығып, сынға түспек. "Бүгінде Азия чемпионатының рейтингісі жоғары. Сондықтан оған халықаралық дәрежесі бар судьялар төрешілік етпек. Ал трек жарыстары кезінде уақытты тіркеудің озық технологиялары қолданылады. Соның арқасында даулы мәселелер туындамайды", - дейді Қ.Айтекенов.
Ал Қарағанды облысы әкімінің бірінші орынбасары Ғабит Мұхамбетовтың сөзіне қарағанда, чемпионатқа 188 миллион теңгедей ақша жұмсалады. "Алайда оның ішінде бюджеттің бірде-бір теңгесі жоқ. Бұның барлығы - демеушіліктен түскен қаржы. Ол үшін арнайы қор құрылған болатын. Бүгінде Астана мен Қарағанды қалаларында өтетін екі кезеңнің жалпы құны 188 миллион теңгеге бағаланып отыр", - дейді Ғ.Мұхамбетов.
Айта кетейік, велоспорттан Азия чемпионаты осымен 34-ші рет өтпек. Қазақстанда ондай деңгейдегі жарыстар алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Оған 30-ға жуық мемлекеттен 204 спортшы қатысады.