Сыртқы істер министрлігі АҚШ-та қаза тапқан Қазақстан азаматы Әсет Құралбайдың ол жақта немен айналысқанынан және елде қандай негізде болғанынан бейхабар. Бұл туралы Мәжіліс кулуарында Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Ашықбаевтың сөзінше, қазақстандық тарап бұл іс бойынша қолда бар барлық ақпаратты ұсынған.
"Біз қолда бар барлық ақпаратты бөлістік. Марқұмның отбасының қайғысына ортақтаса отырып, түсіністікпен қарауларыңызды сұраймыз. Отбасына бекем болуын тілейміз. Оларға қайғырып көңіл айтамыз", - деді Ержан Ашықбаев.
Сонымен қатар журналистер дипломаттан марқұмның Америка Құрама Штаттарында немен айналысқанын және оның америкалық визасы болған-болмағанын сұрады.
"Қаза тапқан азамат Чикагода тұрған, бізде сондай ақпарат бар. Оның АҚШ-та немен айналысқаны, сондай-ақ оның құқықтық мәртебесі бізге нақты белгісіз. Визаның болу-болмауы - үлкен сұрақ", - деп жауап берді министрдің бірінші орынбасары.
Ашықбаев америкалық қалаларда басқа жерлердегідей қауіп-қатері жоғары аудандар барын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктері азаматтарға қауіпсіздік шараларын сақтау қажеттігі туралы үнемі ескертіп отырады.
"Біздің консулдықтар мен елшілік азаматтарды тұрақты түрде құлақтандырып отырады. Әрине, түрлі жағдай болады. Өкінішке қарай, біздің азаматымыз осындай жағдайға тап болды", - деп толықтырды Ержан Ашықбаев.
Мән-жайы
24 жастағы Әсет Құралбай Чикаго маңындағы Иллинойс штатының Форд-Хайтс елді мекенінде тұрған. Соңғы рет ол 2 маусымда байланысқа шыққан. 7 маусымнан бастап телефоны сөндірулі болған, ал 10 маусымда полиция жас жігіттің көлігін тапқан.
Кейін СІМ АҚШ-та жоғалған Қазақстан азаматы болуы мүмкін адамның мәйіті табылғанын хабарлады. Америкалық тарап оның жеке басын анықтау үшін қажетті іс-шараларлы жүргізді.
16 маусымда Сыртқы істер министрлігі қаза тапқан адам Әсет Құралбай екенін растады. Қазақстандық дипломаттар оның туыстарына құжаттарды рәсімдеу және мәйітті елге қайтару бойынша консулдық көмек көрсетіп жатыр.