Ыстамбұл әуежайында жарылыс болған уақытта Ыстамбұлдан Болгарияға 25 қазақстандық ұшып кетуі керек болатын, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ҚР СІМ ресми өкілі Әнуар Жайнақовқа сілтеме жасап.
Ыстамбұл әуежайында жарылыс болған уақытта Ыстамбұлдан Болгарияға 25 қазақстандық ұшып кетуі керек болатын, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ҚР СІМ ресми өкілі Әнуар Жайнақовқа сілтеме жасап.
"Жарылыстардан кейін бізге Болгарияға ұшып кетуі қажет 25 қазақстандықтың лаңкестік әрекеттерге байланысты Ататүрік халықаралық әуежайында күтуге мәжбүр болғаны туралы хабарлама түсті. Біздің консулдар оларға көмек көрсетіп, қонақүйлерге жеткізді. Бүгін таңертең 25 қазақстандық Болгарияға кетуі керек болатын", - деп хабарлады ол.
Сонымен қатар, Жайнақовтың айтуынша, мәмілегерлер Қазақстан азаматтарын іздеу мақсатында Ыстамбұлдың емдеу мекемелеріне барып қайтқан. "Терактіден соң біздің консулдар зардап шеккендердің арасында қазақстандықтардың бар-жоғын анықтау үшін Ыстамбұлдың барлық емдеу мекемелеріне барып қайтты. Сонымен қатар, олар жергілікті биліктегілер мен полицейлермен байланыста болды. Алдын ала мәлімет бойынша, зардап шеккендердің арасында қазақстандықтар жоқ. Жұмыстар жалғасып жатыр", - деді Жайнақов.
Еске салайық, Ататүрік халықаралық әуежайындағы автотұрақта, шығаберісінде және кіреберісінде үш бірдей жарылыс болған еді. Оқиға Астана уақытымен сағат 01.00-де болды. Соңғы мәліметтер бойынша, терактіден 36 адам қаза тапты. Шамамен 60 адам ауруханаға жеткізілген.
Алдын ала мәлімет бойынша, Ыстамбұлдағы әуежайда шабуылды екі лаңкес жасаған, олар граната лақтырған.