Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев көктемгі су тасқынынан зардап шеккендердің барлығына көмектесуге уәде берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев көктемгі су тасқынынан зардап шеккендердің барлығына көмектесуге уәде берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Облыс басшысы өңірде болып жатқан жағдайға байланысты қысқа мерзімді еңбек демалысын үзген болатын.
Бүгін ол Махамбет, Кірпішті ауылдары мен бау-бақша ұжымдарының ағымдағы жағдайымен танысып, Елек, Сазды өзендерінің сағасын қарап шықты. Бердібек Сапарбаев саяжай алқаптары тұрғындарын тыңдап, үйлерін аралап шықты.
"Жағдай оңай емес. Бұл тек Ақтөбеде ғана емес, Қазақстандағы бірнеше өңірлерді де айналып өткен жоқ. Бұл уақытша қиындықтар, кішкене сабыр ету қажет. Біздің міндетіміз - осы мәселенің шешілуіне барынша ат салысу. Ең бастысы - дүрлікпей, бірлесе отырып бір-бірімізді қолдауымыз тиіс. Ешкім назардан және жәрдемнен тыс қалмайды, бірақ көрсетілетін көмектің барлығы заң аясында болады. Келтірілген шығынды анықтап, су тасқыны салдарын болдырмау шараларын жүргізетін қалалық комиссия құрылған болатын. Комиссия әрбір отбасымен жеке-жеке жұмыс жасап, олардың материалдық жағдайын қарастыра, шығындарын бағалайды. Бірақ, ол үшін құқық белгілеуші құжаттар қажет. Комиссия әрбір үй бойынша нақты шешім қабылдайтын болады", - деді облыс әкімі әңгіме барысында.
Суреттерді Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі жолдады
Сонымен қатар, өңір басшысы №40 және Қарғалы орта мектептеріндегі уақытша орналастыру бекеттеріне де барды. мұнда 500-ден аса адам бар, олардың 200-і балалар.
Еске сала кетейік, Ақтөбеде жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланған болатын.
Өңірде саяжайлардағы 597 үй мен ауланы су басып, 1510 адам қауіпсіз жерлерге көшірілді, 69-ы құтқарылды. Адамдарды су басқан орындардан кереует, көрпе-төсек, ыстық тағамдары бар уақытша көшіру орындарына орналастыруда. Орта мектептер жанынан 7 бекет ашылды. Оның төртеуіне 832 адам орналастырылса, 325-і балалар.