Бүгін генерал-майор Нұрлан Мәсімовке іздеу жарияланды. Осы ретте Tengrinews.kz тілшісі іздеуде жүрген қазақстандық шенеуніктердің тізімін жасады.
Бүгін генерал-майор Нұрлан Мәсімовке іздеу жарияланды. Осы ретте Tengrinews.kz тілшісі іздеуде жүрген қазақстандық шенеуніктердің тізімін жасады.
Нұрлан Мәсімов, Павлодар облысы полиция департаментінің бұрынғы бастығы
Павлодар облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Павлодар облысы Полиция департаментінің экс-бастығы полиция генерал-майоры Мәсімовке қатысты аса ірі мөлшерде пара алды деген күдікпен соталды тергеуді бастады (Қылмыстық кодекстің 366-бабы 4-бөлігі бойынша). 2022 жылдың қаңтарында Нұрлан Мәсімов Павлодар облысы Полиция департаментінің бастығы қызметінен босатылған. 48 жастағы Нұрлан Мәсімов департаментті 2019 жылдың қарашасынан бері басқарған. Қазіргі уақытта Мәсімовке іздеу жарияланған. Әзірге Мәсімовтің қайда екені белгісіз.
Фото: gov.kz
Қанат Сұлтанбеков, Нұр-Сұлтан әкімінің бұрынғы орынбасары
Елорда әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбековке Ішкі істер министрлігінің Интерпол арналары арқылы халықаралық іздеу жарияланған. Антикор Қанат Сұлтанбековтің АҚШ аумағында екенін анықтады. Оны ұстау және экстрадициялау туралы өтініштер бірнеше рет жолданды. Дегенмен, АҚШ заңы бойынша егер ол көші-қон режимін бұзбаса, "қызыл бюллетень" болуы іздеуде жүрген адамды ұстауға негіз болмайды. Ол ҚР ҚК-нің 366-бабының 4-тарауы - "Аса ірі көлемде пара алу" бойынша сотталған еді.
Фото: strategy2050.kz
Бергей Рысқалиев, Атырау облысының бұрынғы әкімі
2012 жылы Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиев Қазақстаннан қашып, шетел асып кетті. Айыптау актісіне сәйкес, Бергей Рысқалиев өзінің қызметтік өкілетіттігін пайдаланып, Атырау облысы әкімдігіндегі лауазымды тұлғалармен алдын ала сөз байласу арқылы мемлекеттен ірі сомада қаражат жымқыру мақсатында қылмыстық топ құрған. Мемлекетке келтірілген шығынның сомасы 72 миллиард теңгеден асады. Осы іске қатысты экс-шенеуніктер мен кәсіпкерлердің саны - 22 адам, бұл тізімде оның ағасы Аманжан Рысқалиев те бар. 2019 жылы Атырау облысының соты экс-әкімді сырттай 17 жылға бас бостандығынан айырды. Бергей Рысқалиевке халықаралық іздеу жарияланған.
Фото: Tengrinews.kz
Ерқанат Тайжанов, Мәжілістің бұрынғы депутаты
Ерқанат Тайжанов 2012-2015 жылдары "Азбука жилья" құрылыс компаниясының басшысы болған кезінде бірнеше мың салымшыдан ақша жымқырды деген күдікке ілінді. Ол салымшылардың 40 миллиард теңгесін иемденген. Құқық қорғау органдары Тайжановқа 2015 жылы халықаралық іздеу жариялаған. 2016 жылы оны Аустрияның полицейлері қолға түсірген болатын. Дегенмен, прокуратура өкілдері ол елмен құқықтық келісім болмағандықтан экстрадициялау мүмкін еместігін мәлімдеген. Ол 2007-2008 жылдары Қазақстанның парламент мәжілісінің депутаты болған. Экс-депутатқа қатысты іздеу жұмыстары тоқтаған жоқ.
Фото: Tengrinews.kz
Виктор Храпунов, Алматының бұрынғы әкімі
Алматы қаласы және Шығыс Қазақстан облысының әкімі болған Виктор Храпунов 2007 жылы Төтенше жағдайлар министрілігін де басқарған. Виктор Храпунов пен оның әйелі Лейла Храпуноваға 2012 жылы халықаралық іздеу жарияланған болатын. Оған қоса, олардың дүние-мүлкін тәркілеу туралы шешім шыққан. Ерлі-зайыптыға мемлекет қаражатын жымқырды, алаяқтық жасады, пара алды және қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген айыптар тағылды. 2018 жылы Алматының мамандандырылған ауданаралық соты Храпуновқа 17 жыл, ал оның зайыбына 14 жыл бас бостандығынан айыру жазасын кескен. Храпуновтар мемлекетке 250 миллион доллар сомасында шығын келтірген. Олар әлі де іздеуде, бірақ осыған қарамастан, Виктор Храпунов Швейцарияда тұрғылықты өмір сүруге рұқсат алған.
Фото: viktor-khrapunov.com
Мұхтар Әблязов, бұрынғы энергетика, индустрия және сауда министрі
Әблязов "БТА Банкінен" шамамен 7 миллиард доллар ұрлағаны үшін 20 жылға, ал банкир Ержан Тәтішевті өлтіруді ұйымдастырғаны үшін өмір бойына сырттай сотталған. Оған қоса, Әбілязовты Ресей мен Украина да ұрлық жасады деген күдікпен іздестіріп жатыр. Сонымен қатар, 2008-2016 жылдар аралығында Мұхтар Әбілязовтың шетелдік банктердегі шоттары бойынша 666 миллион долларға 73 операция жасалды. Әблязов шоттары бойынша 73 транзакцияның 14-ін банктер күдікті деп белгіледі. Осы кезеңде Әбілязовқа барлығы 27 банктегі шоттар тиесілі болды. Бүгінге дейін Мұхтар Әблязовты Франция, АҚШ және Ресей соты айыпты деп таныды.
Фото: Tengrinews.kz
Әкежан Қажыгелдин, бұрынғы премьер-министр
1998 жылы Алматы қаласының прокуратурасы Қажыгелдиннің үстінен қылмыстық іс қозғаған. Бір жылдан кейін Қазақстанның экс-премьер-министріне прокуратура қызметкерлері халықаралық іздеу жариялады. Экс-премьер-министрге қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды, бопсалаушылықпен айналысты және аса ірі көлемде пара алды, мемлекет қазынасына бірнеше миллион теңге залал келтірді деген айыптар тағылды. 2001 жылы Қазақстанның Жоғарғы соты Әкежан Қажыгелдинге сырттай 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасын кескен. Сондай-ақ, оның дүние-мүлкін тәркілеу туралы шешім шықты. Кейінгі деректер бойынша, Қажыгелдин АҚШ-қа қоныс аударған.
Фото: Tengrinews.kz
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!