Венесуэладағы жер сілкінісі: құрбандар саны артып жатыр

Венесуэладағы жер сілкінісі: құрбандар саны артып жатыр Фото: x.com/Angeldelarosa30

Венесуэладағы екі жойқын жер сілкінісі салдарынан қаза тапқандар саны артып жатыр. Соңғы мәліметтер бойынша, табиғи апат 5 278 адамның өмірін қиды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Жаңартылған мәліметтерді өзінің Telegram-арнасында Венесуэла Ұлттық ассамблеясының төрағасы Хорхе Родригес жариялады.

17 мыңға жуық адам зардап шекті

Жарнама
Жарнама

Родригестің мәліметінше, апат салдарынан 16 740 адам жарақат алған. Сонымен қатар 18 мыңға жуық тұрғын баспанасыз қалды. Табиғи апат 190 ғимаратты толығымен қиратса, тағы 856 нысан түрлі деңгейде зақымдалған.

Сонымен қатар құтқарушылар үйінділер астынан 6,5 мыңға жуық адамды эвакуациялап, аман алып қалды.

Апат ошағы жағалаудағы штат болды

Магнитудасы 7,2 және 7,5-ті құрайтын жер сілкінісі 24 маусым күні кешке Венесуэлада бір минутқа жетпейтін аралықта болды. Ел астанасы Каракасқа жақын орналасқан Ла-Гуайра жағалау штаты ең көп зардап шекті. Дәл осы өңір қираудың негізгі ошағы болды.

Бұған дейін президент міндетін атқарушы Дельси Родригес шетелдегі Венесуэла активтерін бұғаттан шығаруға шақырған болатын, ал БҰҰ елді қалпына келтіруге көмектесу үшін 300 миллион долларға жуық қаражат жинауға тырысып жатыр.

БҰҰ-ның бағалауынша, 50 мыңға жуық адам хабар-ошарсыз кеткендер тізімінде болуы мүмкін. Бұл жер сілкінісі Латын Америкасы тарихындағы ең жойқын апаттардың бірі болып саналады. Сонымен қатар билік өкілдері хабар-ошарсыз кеткендердің ресми санын жариялаған жоқ.

Тағы оқыңыз: Перуде екі жер сілкінісі болды: қаза тапқандар мен зардап шеккендер бар

Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Жолдау
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу

Жарнама
Жарнама