Мәдениет және ақпарат министрлігі продюсер әрі актриса Баян Алагөзованың ұсынысына қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengri Life.
Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов Қазақстанның құқықтық алаңында "діни насихат" ұғымы жеке санат ретінде қолданылмайтынын атап өтті.
"Бізде діни насихат деген ұғым жоқ. Радикалды және экстремистік ағымдар бар, оларға шынымен де тыйым салынған", - деп түсіндірді ол.
Шенеунік Қазақстанның көпконфессиялы әрі толерантты мемлекет екенін еске салып, дін саласындағы мәселелер, ең алдымен, радикализмге жол бермеу тұрғысынан реттелетінін жеткізді.
Жекелеген азаматтардың арандатушылық тудыратын мәлімдемелеріне (мәселен, Наурыз мейрамы туралы) тоқталған вице-министр, мұндай жағдайлардың тексерілетінін және кінәлілердің әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын атап өтті.
Сондай-ақ журналистер әлеуметтік желілердегі теріс ақпарат таратып, қоғамда түрлі реакция тудыруы мүмкін контентке қатысты шара қолданыла ма деп сұрады. Ысқақов мұндай әрекеттерге заң бойынша баға беріліп жатқанын айтты.
"Біз оларды жауапқа тартамыз. Бұл жалған ақпарат тарату, әлеуметтік, діни және өзге де араздықты қоздыру сияқты бірқатар баптарға жатады. Сондықтан бұл әрекеттердің барлығында құқық бұзушылық құрамы болса, міндетті түрде заң аясында қаралады", - деді ол.
Еске сала кетейік, Алматы облысының полициясы Наурыз мейрамы туралы даулы мәлімдеме жасаған видео авторын ұстаған болатын.
ІІМ мәліметінше, ер адамға қатысты діни алауыздықты қоздыру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Қылмыстық кодекстің 174-бабы 2-бөлігі - діни алауыздықты қоздыру - қоғамдық пікір көшбасшысына қатысты болған жағдайда 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.