Депутат Асхат Бекенов еуразиялық ашық аспанды қалыптастыру идеясы мен әуе кеңістігін ырықтандыруға қатысты алаңдаушылық білдіріп, Үкімет басшысына сауал жолдады деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Депутат Асхат Бекенов еуразиялық ашық аспанды қалыптастыру идеясы мен әуе кеңістігін ырықтандыруға қатысты алаңдаушылық білдіріп, Үкімет басшысына сауал жолдады деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Ол өз сауалында қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы, Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасы көлік министрлері қатысқан жұмыс тобының Экономикалық одақ туралы шартты бекіту, соның ішінде, авиация жөніндегі бөлім бойынша келіссөздер жүргізіліп жатқанын айтады. Бұл келіссөздер бойынша Ресей тарапы Еуропа одағының Ресеймен арада "Ашық аспан" режимін енгізу туралы ұсынысына қарсы болып отыр, өйткені әуе қатынастарын ырықтандыру ресейлік әуе компанияларына кері әсер етуі мүмкін.
Солай бола тұра Ресей "Ашық еуразиялық аспан және әуе кеңістігін ырықтандыру" идеясынан бас тартпақ емес. Ал қазақстандықтар әуе компаниялары Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде әуе кеңістігін ырықтандырудың экономикалық тұрғыдан пайдалы еместігін, қазақстандық әуетасымалдаушылар үшін үлкен тәуекел екенін айтады.
Депутат мынадай цифрларды келтіреді: қазақстандық ірі әуетасымалдаушы "Эйр Астананың" әуе флоты 28 әуе кемесінен тұрады, SCAT компаниясында 20 әуе кемесі бар, ал ресейлік екі ірі әуе компаниясының флоттары 137 және 101 әуе кемесінен тұрады ("Аэрофлот" және "Трансаэро").
"Барлық кедергілерді жойғанның өзінде "Бірыңғай еуразиялық аспанды" құру қазақстандық авиацияның дамуына кері әсерін тигізеді", - дейді Бекенов. Оның айтуынша, бүгінде Қазақстанның әуе көлігі өзге қатысушы мемлекеттермен тең бәсекелестік жағдайында емес.
"Барлық қазақстандық әуетасымалдаушылар коммерциялық компаниялар және олар мемлекеттен қаржылай көмек алмайды, ал "Аэрофлот" шетелдік тасымалдаушылардың транссібір бағыттары бойынша ұшып өткені үшін роялти түрінде РФ Үкіметінің субсидияларын пайдаланады (жылына 400 млн доллардан астам). Субсидиялау ресейлік әуе компанияларына парктерін батыста жасалған 110 ұшаққа дейін кеңейтуге және материалдық-техникалық базаны жетілдіруге мүмкіндік берді", - дейді Мәжіліс депутаты.
Депутаттың айтуынша, "Эйр Астана" - "Аэрофлотқа" қарағанда, анағұрлым жас компания. Ол құрылған уақытынан бері қосымша қаржы алған емес, бірақ бюджетке 43 млрд теңге түсірді, ал ұшақтарды өз қаржысы есебінен сатып алады. Бүгінде "Эйр Астанада" 28 әуе көлігі бар, 2016 жылға қарай паркін бар болғаны 33 ұшаққа дейін көбейтуді жоспарлап отыр.
"Қазақстандық әуе тасымалдаушыларға әуежайлардың қызметі шетелдіктермен тең жағдайда көрсетіледі, қандай да бір жеңілдіктер жасалмайды. Біздің әуе компаниялары елімізде де, басқа елдерде де ешқандай әуежайда артықшылықтарды пайдаланбайды. Ал Ресейде өз әуежайларында ұлттық тасымалдаушыларға төмендетілген тарифтермен қызмет көрсету жолымен жанама субсидиялау қарастырылған", - дейді ол.
Депутат Кеден одағына қатысушы елдер ішінде қазақстандық әуетасымалдаушыларда әуе билеттері құнының ең жоғары екенін айтады. Сарапшылардың пікірінше, билет құнының қымбат болуы ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етумен және техникалық қызмет көрсетумен байланысты өндірістік шығындарға, әуе тасымалына сұраныстың төмен болуына, жолаушылар ағынының аздығына негізделген. "Үкімет ұлттық тасымалдаушылармен бірге ел ішінде ұшулар құнын азайту жөніндегі мүмкіндіктерді қарастыруы керек", - дейді депутат.
Бекеновтің айтуынша, Қазақстан мен Ресейдің азаматтық авиация инфрақұрылымдарының түрліше дамуы себепті Еуразиялық экономикалық кеңістіктің көлік саясаты тұжырымдамасы ресейлік әуе көлігі өкілдерінің мүддесіне жауап беретін болады. "Аэрофлот" әуе компаниясы келген жағдайда бәсекелестік нарығында оның артықшылығы болады да, қазақстандық тасымалдаушылардың жағдайы нашарлауы мүмкін. "Соған байланысты, құрметті Кәрім Қажымқанұлы, Сізден "Қазақстан Ресубликасына арналған "Бірыңғай Еуразиялық аспан және әуе кеңістігін ырықтандыру" тұжырымдамасын қолдануға қатысты Үкіметтің келісілген ұстанымын жасауды сұраймын", - деп тұжырымдайды депутат.