Петропавлда "Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ салымшылары құрылыс алаңында наразылық білдірді, - деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.
Петропавлда "Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ салымшылары құрылыс алаңында наразылық білдірді, - деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.
Банк салымшылары екі жыл бұрын "Береке" ықшамауданындағы 45 пәтерлі үйден баспана иегері атанған, бірақ құрылыстың аяқталар түрі жоқ. Үй 2013 жылдың тамызында пайдалануға берілуі тиіс болған, ал мердігерлер қазір үйдің төртінші қабатын ғана соғып жатыр. Салымшылар "жұмысшылар құрылыс алаңында сирек болады" деп отыр. Ал мердігер компанияның басшысы болса, жұмыстың кестеге сай орындалып жатқанын айтты. Оның айтуынша, құрылыстың созылуы жобалаушылардың қала әкімдігімен келісіп алмағандығынан.
"Біз құрылыс жұмыстарының барысында үйдің астымен өтіп жатқан су құбырын байқамай тесіп алдық. Бұл пайдаланылмай жатқан құбыр жобада көрсетілген жоқ. Мен бірден әкімдікке жұмысты тоқтатуға арыз жаздым. Олар бұл құбырды алып тастағанша, бас жобаны қайтып өзгерткенше 11 ай өтті. Құрылыс тек былтырғы жылдың қыркүйегінде ғана жалғасты", - дейді серіктестік директоры Дінмұхамед Бүйрекбаев.
Ал билік өкілдері ағаттықты жобалау компаниясы жіберді дейді. Олар топографиялық түсірілім кезінде жер асты құбырын байқамай қалған.
"Үйдің жобасымен "СевГражданПроект" компаниясы айналысты. Құбырға байланысты қосымша шығынды олар өз мойындарына алды. Қазір жұмыс ойдағыдай жүріп жатыр. Үйдің құрылысы екі айдан кейін бітеді деп жоспарлап отырмыз", - дейді Петропавл қаласы әкімдігі құрылыс бөлімінің заңгері Андрей Борзилов.
"Айта кету керек, баспана құрылысының тоқтатылуына себепші болған су құбыры қаланың бас жоспарында да көрсетілмеген. 2007 жылы жасалған маңызды құжат қазір жаңартылуды қажет етеді. Атқамінерлер бұл мәселені жуық арада қолға алатындарын айтады. Ал базынасы көп 45 пәтерлі баспана қазан айында қолданысқа берілуі керек. Бұл - шенеуніктер мен мердігерлердің уәдесі. Ал бар қаражатын салған тұрғындар тағы екі ай уақыт күтуге көніп отыр", - деп хабарлайды телеарна.