"Самұрық-Қазынаның" жекешеленуге жататын компанияларының тізімі бекітілді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Қордың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Самұрық-Қазынаның" жекешеленуге жататын компанияларының тізімі бекітілді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Қордың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Қазақстан Үкіметі мен "Самұрық-Қазына" АҚ соңғы айларда құрылымға кіретін 599 компанияны сүзгіден өткізіп, жеке секторға берілетін компанияларды анықтады. Бүгін Қордың жекешеленуге жататын компанияларының тізімін Үкімет мақұлдады. Компаниялардың басым бөлігі 2014 жылы ішінара немесе толықтай сатылатын болады", - делінген таратылған хабарламада.
Үкімет шешіміне сәйкес "Самұрық-Қазына" АҚ-дағы 106 компанияның түрлі үлесі сатылады. 2014-2016 жылдары Қордың 94 еншілес компаниясының акция пакеттері мен үлесі нарыққа шығарылмақ. Соның ішінде "Қазақстан темір жолы" АҚ құрылымындағы 28 компания, "Қазмұнайгаз" АҚ - 23, "Қазақстан инжиниринг" АҚ - 21, "Самұрық-Энерго" АҚ - 10, "ҚазАтомПром" АҚ - 7, "KEGOC" АҚ-дан 2 компания жартылай немесе толықтай сатылымға шығарылады. Сонымен қатар, "Майқайыңалтын" АҚ, "Ш.Чокин атындағы Қазақ энергетикалық ҒЗИ" АҚ, "ФН менеджмент" ЖШС ("Самұрық-Қазына" АҚ құрамында) үлестері сатылады. 2016 жылдан кейін "Қазақстан темір жолы" АҚ-ның 8 компаниясы және "Қазмұнайгаз" АҚ-ның 4 компаниясы жартылай немесе толықтай сатуға шығарылады.
Айта кетейік, 2014 жылы "Самұрық-Қазынаның" шамамен 80 компаниясы жекешеленуге берілуі мүмкін екендігі айтылған. Қор жетекшісі Өмірзақ Шүкеевтің айтуынша, олар келесі критерийлер бойынша іріктелген. Ең бірінші қазірдің өзінде жеке бизнесмендерге ұсынылған мемлекеттік құрылымдар нарықтан кетуі тиіс. Сонымен бірге стратегиялық маңызы жоқ, ұлттық қауіпсіздік мәселесіне, мемлекетті қорғау қабілетіне, құқықтық тәртіпке қозғау салмайтын мемлекеттік компаниялар нарықтық ортаға беріледі.