Қаржы министрлігі қонақүй, мейрамхана, шаштараз бизнесі мен құрылыс заттарын сататын дүкендерге жаңа кассалық аппарат орнатуды талап етті, - деп хабарлайды "КТК" телеарнасы.
Қаржы министрлігі қонақүй, мейрамхана, шаштараз бизнесі мен құрылыс заттарын сататын дүкендерге жаңа кассалық аппарат орнатуды талап етті, - деп хабарлайды "КТК" телеарнасы.
Яғни, кәсіпкерлер осы айдан бастап сауда-саттықты интернет арқылы бақылауға болатын құрылғымен жұмыс істеуі тиіс. Мұндай заманауи касса компаниялардағы қаржы операциясына қатысты мәліметті Мемлекеттік кіріс комитетіне тікелей жеткізіп отырады. Осылайша, шенеуніктер бюджетке салықтан түсетін табысты он есеге дейін арттырамыз деп отыр.
Жанармай бекеттері мен спирттік ішімдік сататын дүкендер жаңа кассалық аппаратты өткен жылы орнатқан. Яғни, Қаржы министрлігі елімізде күн сайын қанша тонна бензин мен алкоголь сатылатынын былтырдан бері тікелей онлайн арқылы қадағалап келеді. Енді Үкімет биыл жаңа бақылау кассасын тағы бірнеше кәсіп түріне міндеттемек. Мемлекеттік кірістер комитетінің бас сарапшысы Қыдыр Балтайдың айтуынша, мұндай аппаратты құрылыс материалдарын, су құбырларын, компьютер техникаларын сататындар орнату керек. "Осыларды таңдап алу себебі - әлеуметтік жағдай басқа салаларға қарағанда салыстырғанда ақшалай қаражаттары, ақша айналысы жоғары болып табылады", - деді Қыдыр Балтай.
Сонымен қатар, тілшілердің мәліметінше, онлайн жүйеге шаштараздар да өтуі тиіс. Бұл бизнеспен айналысатындар бүгінге дейін тұтынушыларға ғана чек беріп келген. Енді олардың табысы туралы мәлімет интернет арқылы Мемлекеттік кіріс комитетіне тікелей түсетін болады. Қазір Астанадағы сұлулық салондары сол жаңа кассаны орнатуға дайындық үстінде.
Елордадағы мейрамханалар да әзірге ескі кассамен жұмыс істеп жатыр. Талап бойынша, кез келген кафе, тойханалар күніне қанша қонақ күткені жайында онлайн есеп беруге міндетті. Қазір елімізде 30 мыңға жуық компания жаңа кассаға өтуі қажет екен. Құрылғыны бизнесмендер өз қаржысына сатып алады. Құны кемі 60 мың теңге. Әрі оны салық органдарында тіркеп, үш күннің ішінде іске қосуы керек.
Бақылау кассасы табысын жасырып, салық төлеуден қашатын кәсіпкерлерге қарсы қолданылған шара екен. Егер бизнесмендер жаппай жаңа құрылғыны орнатса, қазынаға салықтан түсетін қаржы он есеге дейін артады дейді шенеуніктер. Ал, талапты бұзғандарға айыппұл салынады. Алайда, әзірге Үкімет ешкімді жазалап жатқан жоқ. Жыл соңына дейін түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Сондықтан, кәсіпкерлердің онлайн кассаға толық ауысуына әлі уақыт бар.
Дереккөз: "КТК" телеарнасы.