Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі 28 қаңтардан бастап proof сапасымен жасалған номиналы 100 және 500 теңгелік ескерткіш шақаларды айналымға шығарды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ұлттық банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Ескерткіш монеталар коллекциялық құны бойынша сатылады, олар кәдесыйлық орауышпен шығарылады және Ұлттық банктің мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдеріндегі нөмірлік сапа сертификатымен жабдықталған.
Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі 28 қаңтардан бастап proof сапасымен жасалған номиналы 100 және 500 теңгелік ескерткіш шақаларды айналымға шығарды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ұлттық банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Ескерткіш монеталар коллекциялық құны бойынша сатылады, олар кәдесыйлық орауышпен шығарылады және Ұлттық банктің мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдеріндегі нөмірлік сапа сертификатымен жабдықталған.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, Ұлттық банк "Баскетбол. Олимпиада ойындары – 2016" деп аталатын номиналы 100 теңгелік ескерткіш күміс монетаны айналымға шығарды. Күміс монетаның бет жағында стадионның стильдендірілген бейнесінің қоршауында Қазақстанның елтаңбасы бар, сонымен қатар монета дайындалған металл мен оның сынамасы мен массасын білдіретін "Ag 925 24 g" деген жазу мен монетаның соғылған жылын білдіретін "2014" деген сан бар. Ал монетаның сырт жағында ойын сәтіндегі спортшылар мен олимпиада ойындары өтетін жылды білдіретін "2016" деген сан бейнеленген.
"Монетаның бет және сырт жақтарындағы бейнелер мен жазбалар бедерленген. Айналдыра шығыңқы жиек жүргізілген. Қыры бедерлі. Монета 925 сынамды күмістен жасалған, массасы – 24 грамм, диаметрі – 37 мм, ең көп таралымы – 8 мың дана", - делінген хабарламада.
Айналымға шыққан тағы бір 100 теңгелік ескерткіш монета "8 Наурыз" деп аталады. Ұлттық банктің мәліметінше, ол "Монета-сыйлық" монеталар сериясынан шыққан, пішіні тік бұрышты.
Монетаның бет жағында сүргіш таңбасының қоршауында стильдендірілген гүл бейнеленген, гүлдің ортасында Қазақстанның елтаңбасы орналасқан. Монетаның реверсінде зерәйнек гүлшоғы түріндегі композиция бейнеленген, онда 8 деген сан түрлі-түске боялған. Монетаның бет және сырт жақтарындағы бейнелер мен жазбалар бедерленген және монетаны айналдыра шығыңқы жиек жүргізілген.
Шақалардың қыры тегіс, бедері мен жазуы жоқ. Монета 925 сынамды күмістен жасалған, массасы – 31,1 грамм, тік бұрышы 45х30 мм, монета 4 мың данамен таралды. ""8 Наурыз" монетасы реверсіне тампографиялық таңбаны қолдана отырып орындалды. Бұл ашық хат түрінде орындалған монеталар сериясының алғашқы монетасы. Бұл серияның монеталарын ескерткіш ретінде салтанатты күндерге және халықаралық мерекелерге орай шығару болжанып отыр", - делінген Ұлттық банктің хабарламасында.
Қазақстан Ұлттық банкі 2015 жылдың 28 қаңтарынан бастап 500 теңгелік "Ғарыш" монеталар сериясынан "Буран" ескерткіш құрамдас монетасы айналысқа шыққанын хабарлады. Монетаның ішкі дискісі түсін алтын түстес етіп өзгертетін технологиямен, ал сыртқы сақина күмістен жасалған.
"Монетаның бет жағында адам мен ғалам бірлігінің нышаны, өткен күн мен бүгінгі күннің байланысы ретінде композиция бейнеленген. Ал сырт жағында "Буран" ғарыш кемесінің жер маңындағы орбитаға шығуы барысындағы бейнесі орналасқан.
Монеталардың бет және сырт жағындағы бейнелер мен жазбалар бедерленген. Айналдыра шығыңқы жиек. Қыры бедерленген. Монета сақинасы 925/1000 сынамды күмістен жасалған, массасы 14,6 грамм, дискі танталдан массасы 26,8 грамм, диаметрі – 38,61 мм, таралымы – 3 мың дана", - делінген хабарламада.
Айта кетейік, "Буран" биколорлы монетасы ғарышты зерттеу және ғаламның құпияларын тану тарихындағы айтулы оқиғаларға арналған серияны жалғастыратын күмістен/танталдан және нейзильбер қоспасынан жасалған монеталардың тоғызыншы жұбы болып табылады. "Буран" – "Энергия-Буран" бағдарламасы бойынша құрылған, кеңестік көп реттік көліктік ғарыш жүйесінің орбиталық ғарыш кемесі. Өзінің алғашқы және жалғыз ғарышқа ұшуын "Буран" пилотсыз режимде 1988 жылы 15 қарашада жүзеге асырды. Бұл факт – ғарышқа ғарыш аппаратының ұшуы және оның борттағы компьютердің басқаруымен жерге автоматты түрде қонуы Гиннесстің рекордтар кітабына енді. Ғарыш кемесі Байқоңыр ғарыш айлағынан "Энергия" тасымалдауыш-зымыранының көмегімен ұшырылды.
Ұлттық банк шығарған тағы бір 500 теңгелік ескерткіш монета Шәкен Аймановтың туылғанына 100 жыл толуына арналды. "Шәкен Айманов" ескерткіш монетасының бет жағында ою-өрнек пен Қазақстанның елтаңбасы бейнеленген. Ал сырт жағында кинолента кадрындағы Шәкен Аймановтың бейнесі мен мемлекеттік тілде "Шәкен Айманов" деген жазба бар.
"Монета 925 сынамды күмістен жасалған, массасы – 24 грамм, диаметрі – 37 мм, таралымы – 3 мың дана. Қазақ кинематографын Шәкен Айманов есімінсіз елестету мүмкін емес. Ол театр мен киноның негізін қалаушылардың қатарында болды, оркестр-адам, тамаша суырып салма әртіс, театр режиссері, киноактер және кинорежиссер, ұлттық кинематографтың негізін салушы болды", - делінген хабарламада.
Ұлттық Банк proof сапасымен номиналы 100 теңгелік "Ұлы қолбасшылар" монеталар сериясынан "Amir Timur" ескерткіш күміс монетасын да айналысқа шығарды. Күміс монетаның бет жағында алтындатылған елтаңба мен ат үстіндегі жауынгердің бейнесі бар. Ал монетаның сырт жағында антрополог Герасимовтың орындауындағы ұлы қолбасшы Әмір Темірдің (Amir Timur) мүсіндік портреті, оның артында Әмір Темірдің бұйрығымен салынған Ахмет Ясауи кесенесінің және сауда керуенінің бейнесі салынған. Монета 13 мың дана таралыммен шықты.
Айта кетейік, Әмір Темір (Amir Timur) – Орта, Оңтүстік және Батыс Азияның, сондай-ақ Кавказдың, Поволжье мен Русьтің тарихында айтарлықтай рөл атқарған басқарушы және қолбасшы. Астанасы Самарқанд болған Тимуридтер империясының негізін қалаушы (1370 жыл).
Ұлттық Банктің тағы бір ескерткіш монетасы "Тайқазан" деп аталды, номиналы 500 теңге. Ол "Дала қазынасы" монеталар сериясынан шыққан. Күміс монетаның пішіні төрт қырлы, бет жағында елтаңба мен монетаның номиналын білдіретін "500 ТЕҢГЕ" деген жазба бар, сонымен қатар Қазақстан теңге сарайының тауар белгісі мен Қазақстан Ұлттық банкінің логотипі бейнеленген. Монетаның сырт жағында тайқазанның оксидтелген бейнесі бар. Монетаның төменгі бөлігінде және айналдыра ұлттық ою-өрнектің элементтері орналасқан. Монета 5 мың данамен шықты.
Айта кетейік, ескерткіш монеталар Қазақстанның бүкіл аумағында көрсетілген құнымен төлемнің барлық түрлері бойынша, сондай-ақ банк шоттарына есептеу үшін және аударым жасау үшін қабылдануға міндетті, олар Қазақстанның барлық банктерінде шектеусіз ұсақталады және айырбасталады. Монеталарды Ұлттық банктің барлық филиалдарында, сондай-ақ www.nationalbank.kz сайтының "Ұлттық валюта" парақшасындағы интернет-дүкен арқылы сатып алуға болады.