Қазіргі уақытта еліміздегі банктерді сауықтыру бағдарламасы талқыланып жатыр. Бағдарлама Ұлттық банк қаражатының есебінен жүзеге асырылады. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев баспасөз конференциясы барысында айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Ұлттық банк төрағасының айтуынша, бағдарламаның көлемі қандай екені көмек көрсетілетін банктердің шығынына баға берілген соң ғана белгілі болады.
"Жеке капиталы 45 миллиард теңгеден жоғары ірі және әлеуметтік маңызы бар банктерге көмек көрсетіледі деп болжанып отыр", - деді Данияр Ақышев.
"Ұлттық банк қаражаты жайлы айтатын болсақ, ол ақшалар кейін қайтарылатын болады. Сауықтыру бағдарламасының негізгі шарты акционерлер банктерді капиталдандыруы керек", - деді Ақышев.
Еске сала кетейік, осыған дейін Назарбаев банк секторын сауықтыру үшін Ұлттық қордан триллион теңге бөлу туралы қаулыға қол қойған болатын. "Қаулы етемін: Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан банк секторын сауықтыру үшін республикалық бюджетке 2017 жылға 1 (бір) триллион 92 (тоқсан екі) миллиард 941 (тоғыз жүз қырық бір) миллион 288 (екі жүз сексен сегіз) мың 400 (төрт жүз) теңге бөлу", - делінген еді ҚР Президентінің қаулысында.