Qazkom Ұлттық банктен алған 400,8 миллиард теңге қарызының жартысын қайтарды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Qazkom Ұлттық банктен алған 400,8 миллиард теңге қарызының жартысын қайтарды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ұлттық банк Басқармасының осыған дейін "Қазкоммерцбанк" АҚ-қа банктің жүйелік маңыздылығын ескере отырып, 400,8 миллиард теңге сомаға қысқамерзімді қаржыландыру беру туралы шешім қабылдағаны хабарланып отыр. Қарыз банк клиенттерінің алдындағы міндеттемелерді орындау үшін өтімділіктің қосымша қорын қамтамасыз ету мақсатында беріліпті.
"Бүгінде банк өтімді активтердің жеткілікті көлеміне ие, бұл оған қарызды ішінара мерзімінен бұрын өтеуге мүмкіндік берді. "Қазкоммерцбанк" АҚ Ұлттық Банкке бұрын бөлінген қаражаттың жартысын қайтарды", - делінген Ұлттық банктің хабарламасында.
Сондай-ақ, қазіргі уақытта банктерді капиталдандыруды ұлғайту банк секторының бәсекеге қабілеттілігін арттырудың басым бағыттарының бірі екені айтылады. Осыған байланысты Ұлттық Банк ағымдағы қадағалау процесі шеңберінде акционерлермен, оның ішінде "Қазкоммерцбанк" АҚ-тың акционерлерімен капиталдандыру деңгейін арттыру жөнінде келіссөздер жүргізіп жатыр екен.
Еске салайық, Bloomberg басылымы осыған дейін Qazkom банкі жедел түрде қарыз алғанын хабарлаған болатын. Басылымның мәліметінше, банктің жағдайын қалыпқа келтіруге шамамен 1,5 триллион теңге қажет болуы мүмкін.
Басылымның мәліметінше, бұл қаражат Qazkom банкіне жаһандық қаржы дағдарысынан құтқарылу үшін керек болып отыр. Сондай-ақ, мұндай көлемдегі ірі қаражатты қарызға алу мәселесін Qazkom мен ҚР Ұлттық банкі өкілдерінің талқылап жатқаны айтылған еді.