07 маусым 2014 21:45

The Spirit of Tengri көрермендері электр жетіген үнін естіді

ПОДЕЛИТЬСЯ

Электр жетіген. ©Ардақ Құлтай Электр жетіген. ©Ардақ Құлтай

The Spirit of Tengri фестивалінде бірегей музыкалық аспап - электр жетігеннің үні тұңғыш рет естілді, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі. 


The Spirit of Tengri фестивалінде бірегей музыкалық аспап - электр жетігеннің үні тұңғыш рет естілді, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі. 

Фестиваль ашық аспан астында өтіп жатыр. Қазақстандық жаңа да жас ұжым "Шарапат" үлкен сахнаға алғаш қадам жасады. Олар халық әндері мен дәстүрлі ән-термелерді орындады. Музыканттар электр жетігенде ойнап, жаңадан жасалған аспаптың әуезді үнін паш етті. Қазіргі заманға бейімделген аспаптың дауысы оның акустикалық түріне қарағанда жарқынырақ шықты. Бұл аспаппен рок стиліндегі композицияларды ойнауға болады.

Электр жетіген жобасын бұған дейін электр домбыраны өмірге әкелген "Алдаспан" тобының жетекшісі Нұржан Тойшы жасаған болатын. 23 ішектен тұратын жаңа аспапта қолданылған технология жетіген үнінің қуаты мен ұзақтығын арттырған. 

Алғашқылардың бірі болып өнер көрсеткен "Алдаспан" тобы Кенен Әзірбаевтың әнін, басқа да су жаңа композицияларды орындады. Электрдомбырашылардың драйвқа толы шығармалары көрерменді бір серпілтті.

Одан соң Қырғызстаннан келген Гүлзада кезек алды. Ол былтырғы фестивальден таныс "Құрманбек" эпосының үзіндісі мен сиясы кеппеген композицияларды алып келген. Ырғақты әндері көрерменді тағы да ерекше әсерге бөледі. 

Түбі бір түркі халқының келесі бір өкілі таулышориялық Чылтыс тылсым сырға толы шор даласының әсем табиғатын жұртшылықтың көз алдына әкелді. Жылқының кісінегені, құстың сайрағаны, бұлақтың сылдыры ән ырғақтарымен жарасым тапты.

Фестиваль басталған сәтте аспанды қара бұлт торлап тұрған еді, Алтайдан шаман рухын алып келген Болот Байрышев "Белуха Jam" тобымен сахнаға көтерілген кезде көк шайдай ашылды. Күн жарқырап сала берді. Алтайдағы су тасқынының салдарынан Қазақстанға қиналып жеткен атақты көмей әншісі Алматыдағы өнер мерекесіне келгеніне әсте өкінбейді. Ол қазақтың сазсырнайынан аумайтын көне аспапта ойнады. Алтайда бұл аспап бір кездері ұмытылып кеткен екен. 

Биыл заманауи этникалық музыка фестивалінде Baba Zula (Түркия), The Shin (Грузия), Yarik Ecuador (Эквадор), "Арғымақ" (Башқұртстан), "Намгар" (Бурятия), Сайнхо Намчылак (Тыва), Радик Тюлюш пен оның "Чалама" жобасы (Тыва) және басқалардың қатысып жатқанын еске саламыз. 

Биыл фестиваль Еуразия құрлығынан тыс аймақтарды да қамтып, өзінің географиялық ауқымын кеңейтті. Алыс шетелден келген мейман - Эквадордың Yarik-Ecuador тобы. The Spirit of Tengri халықаралық фестивалі Республика сарайы алдындағы алаңда өтіп жатыр. Шараның құрылтайшысы - Tengri FM ұлттық радиостанциясы, жобаның бас әріптесі - Kaspi Bank. Алматы - ТМД-ның мәдени астанасы жылына орайластырылған биылғы фестивальді қала әкімдігі қолдады.

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 447.35   490.7   4.75 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети