Алматы жайлы ең үздік ән жазған адамға автокөлік беріледі, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі қаланың Мәдениет басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алматы жайлы ең үздік ән жазған адамға автокөлік беріледі, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі қаланың Мәдениет басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, "Алматым - жүрегімде" атты жыл сайынғы ән байқауы биыл 5 қыркүйекте Мәдениет және демалыс саябағында орналасқан "Шабыт" жаздық театрының сахнасында өтеді. Байқауға 18-30 жас аралығындағы кез келген адам қатыса алады.
"Байқауға қатысуға ниетті адам оның ең басты мақсатынан хабардар болуы тиіс, ол - шаһардың заманауи келбетінің белгісі бола алатын қала туралы жаңа әнді өмірге келтіру. Композицияның әуені мен сөзі жүректі баурап, ертемен жұмысқа бара жатқан қалалықтардың аузынан түспейтін тамаша ән болуы тиіс. Әрине, шығарма өзінің мазмұнымен де адамды тәнті қылуы керек. Іс-шара Қала күнінің аясында өтеді. Бәйгеге қомақты жүлде - автокөлік тігіліп отыр. Тапсырыстарды қабылдау туралы Алматы қаласының Мәдениет басқармасына хабарласыңыздар", - дейді басқармадағылар.
Айта кетейік, байқауға қатысушылардың шығармашылығын мәдениет қайраткерлерінен құралған қазылар алқасы бағалайды. Өткен жылы оның құрамында: Бақыт Шадаева, Баян Есентаева, Арман Дүйсенов, Алуа Қонарова, Әлішер Кәрімов болды, ал төрағалықты халық әртісі Нұрлан Абдуллин атқарған еді. Өткен жылдың жеңімпаздарының арасында: Айқын Төлепберген - "Гүлдеген Алматы", Рүстем Нұржігіт - "Алматым деп ән салам", "Аяла" әндерімен және Stars KZ тобы - Алма-Ата", Күміс Базарбаева - Almaty әндерімен көзге түсті. 2014 жылғы гран-при жүлдесін шымкенттік "Арман" дуэті "Алматым" әнімен жеңіп алды. Ал, Тұран Рахимберлин бірінші орынға, "Гауһартас" квартеті екінші орынға, Роза Мұкатаева үшінші орынға ие болды.