"Новая волна-2014" байқауына Қазақстанның атынан қатысып жатқан Әлішер Кәрімов бірінші күннің қорытындысы бойынша екінші орынды иеленді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Новая волна-2014" байқауына Қазақстанның атынан қатысып жатқан Әлішер Кәрімов бірінші күннің қорытындысы бойынша екінші орынды иеленді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Байқаудың алғашқы күні Әлішер Адриано Челентаноның Confessa әнін орындады. Игорь Николаев, Лайма Вайкуле, Леонид Агутин, Валерий Меладзе, Константин Меладзе, Филипп Киркоров, Игорь Крутой сияқты белгілі музыканттардан құралған қазылар алқасы Кәрімовке 73 балл берді.
Алғашқы орынға грузиялық Нуца Бузаладзе (76 балл) көтерілді, ал Әлішермен бірдей ұпайға қол жеткізген украиналық орындаушылар Вячеслав Рыбиков пен Виктория Петриктер де екінші орынды иеленді. Үшінші орында - ресейлік Нодар Ревия (72 балл).
Сайыстың екінші күні Әлішер Кәрімов "Новая волна-2010" байқауының украиналық жеңімпазы Татьяна Ширкомен бірге өнер көрсетеді. Ал байқаудың шешуші күні қазақстандық өнерпаз "Әрине" атты әнді орындайды. Бұл әнді ақын Талант Арғынғали мен жас композитор Ғалымбек Исімбергенов байқауға әдейі арнап жазған.
"Новая волна-2014"-ке барар алдында Әлішер Кәрімов қазақстандық журналистерге байқауға тек жеңіс үшін бара жатқанын айтқан болатын. "Қазір ештеңені болжағым келмейді, өйткені бұл жақсы іс емес. Дегенмен мен жеңуге тырысамын. Нағыз тартысты күрес болады. Мен өзге қатысушыларды тыңдап көрдім. Кейбірі, тіпті, өте жоғары шеберлікке ие", - деген болатын әнші.
Танымал музыканың жас орындаушыларының "Новая волна-2014" халықаралық байқауы Юрмалада шілденің 22-сінен 27-сіне дейінгі аралықта өтеді. Фестивальдің ашылуы жанжалмен басталды - Латвия Сыртқы істер министрі Эдгарс Ринкевич ресейлік үш өнер қайраткерін – Олег Газманов, Иосиф Кобзон мен Валерияны қара тізімге енгізді. Бұл тұлғаларға Украинадағы ахуалға байланысты Латвияға кіруге тыйым салынды.
Биылғы байқауда Ресей мен шетелдің ондаған танымал өнерпазы ән салады. Арнайы меймандар – Рики Мартин, Лара Фабиан және италиялық Иль Воло триосы. Еске салайық, 2013 жылы "Новая волна" байқауына Қазақстанның атынан ADAM қатысып, бесінші орынды иеленді. Былтырғы байқауда кубалық Роберто Кел Торрес жеңіп шықты.