Жас орындаушылардың халықаралық "Новая волна-2015" байқауына Қазақстанның атынан қатысып, екінші орынды жеңіп алған әнші Ademi жеке альбомын жарыққа шығарғалы отыр. Бұл туралы ол "Қазақстан" ұлттық арнасындағы "Таңшолпан" таңғы ақпараттық-сазды бағдарламасына берген сұхбатында айтты.
Жас орындаушылардың халықаралық "Новая волна-2015" байқауына Қазақстанның атынан қатысып, екінші орынды жеңіп алған әнші Ademi жеке альбомын жарыққа шығарғалы отыр. Бұл туралы ол "Қазақстан" ұлттық арнасындағы "Таңшолпан" таңғы ақпараттық-сазды бағдарламасына берген сұхбатында айтты.
Ademi-нің айтуынша, әнжинақты әзірлеу жұмысы байқаудың алдында басталған. Сочидегі конкурстан соң сол жұмыс қайта қолға алынды. "Жұмысты біршама уақытқа тоқтатқан едік. Себебі байқауға дайындыққа көп уақыт бөлдік. Енді қазір сол жұмысты жандандырып отырмыз. Ренат Ғайсиннің жаңа әндерін жазып жатырмыз, әрине, жеке концерт бергім де келеді. Бірақ әр нәрсенің өз уақыты бар. Асығуға болмайды", - деді орындаушы.
Оның айтуынша, жеке концерт беру үшін тыңдармандарыңның көп екеніне сенімді болуың қажет. "Өкінішке қарай, маған Қазақстанда өзімді әнші ретінде таныту қиын. Себебі ана тілімді білмейтінім - менің басты кемшілігім. Интернационал отбасында туылдым: анам - орыс қызы, әкем - қазақ. Өзара түсінісу үшін үйде орысша сөйлесеміз. Соған қарамастан, келешекте Қазақстанда жеке концертімді беруді мақсат етіп отырмын", - деп сырын ақтарды әнші.
Ademi алдағы уақытта "Евровидение" халықаралық ән байқауына қатысуды да армандайды. "Қазақстан күндердің күнінде Еуропа хабар тарату одағына мүше болады деп ойлаймын. Түсінбейтінім, футболда Еуропа лигаларына қатысамыз да, ән байқауына келгенде құқығымыз жоқ. Мен бұл мәселені қалайда көтеремін, осы мәселе шешімін тапқанын қалаймын", - дейді ол.
Әншінің өз аты-жөні - Динара Қайырова. Ademi - сахнадағы ныспысы. Ол бұрын "Индиго" тобының мүшесі болды, көпшілікке "Екі жұлдыз" теледуманына Ринат Малцаговпен бірге қатысып танылды. "Семейде дәрігерлер отбасында дүниеге келгенмін. Жарты жыл бұрын әжем төртінші атамыздың әнші болғанын айтты. Сал-сері болған, атпен ауыл-аймақты аралап, ән салған. Даусын дірілдетіп тұрып айтатыны менің ән шырқауыма ұқсайтын болған. Сондықтан әнші болуыма тынымсыз еңбекпен бірге геннің де ықпал еткенін мойындау керек", - дейді Ademi.
Еске сала кетейік, қазанның 2-11-і аралығында Сочиде өткен жас орындаушылардың ХIV халықаралық байқауында Қазақстан әншісі Ademi 279 ұпаймен 2-орынды иеленген еді. Онымен бірге байқауға еліміздің атынан қатысқан Voice KZ квартеті алтыншы орын алды.