Төреғали Төреәліге Әкімшілік кодекстің екі бабы бойынша айыппұл салынды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі көліктегі ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Төреғали Төреәліге Әкімшілік кодекстің екі бабы бойынша айыппұл салынды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі көліктегі ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Көліктегі ІІД мәліметінше, 11 қазанда Желілік ішкі істер бөлімінің қызметкерлері Алматы әуежайында Төреғали Төреәліге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 392-бабының 1-бөлігі бойынша ("Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасын қасақана заңсыз кесіп өту") қылмыстық іс қозғады.
"Қылмыстық істі тергеу барысында Төреғали Төреәлінің әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылық анықталмады. Сондықтан 16 қазанда Желілік ішкі істер бөлімінің қызметкерлері Әкімшілік кодекстің 2 бабы бойынша әкімшілік іс қозғады: 513-баптың 1-бөлігі ("ҚР Мемлекеттiк шекарасы арқылы өткiзу пункттерінде режимдi бұзу") және 564-баптың 4-бөлігі бойынша ("Әуежайлардың (аэровокзалдардан басқа), әуеайлақтардың, ұшуды радиомен және жарықпен қамтамасыз ету объектілерінің аумағы бойынша тиісті рұқсатсыз жүріп өту немесе көлікпен өту")", - деп хабарлады Көліктегі ІІД баспасөз қызметіндегілер.
Ведомство өкілдерінің мәліметінше, сол күні ереже бұзушыға Мемлекеттiк шекарадан өту пунктінде режим бұзғаны үшін 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде және әуежай аумағында рұқсатсыз жүргені үшін 1 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды.
"Әкімшілік айыппұлды 7 тәулік ішінде төлемеген жағдайда Қазақстан заңдарына сәйкес, қатаң жазалар тағайындалады", - деп ескертті көліктегі ІІД баспасөз қызметіндегілер.
Еске сала кетейік, мұның алдында Төреғали Төреәлімен болған жағдайдан кейін әуежай қызметкерлерінің жазаланғаны хабарланған болатын. Алматы халықаралық әуежайы Авиациялық қауіпсіздік комитеті тексеру бөлімшелерінің инспекторлары Ринат Рахымгереев, Абылай Қырғызбаев пен Шолпан Закирова ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 570-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың әрқайсы 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (48 100 теңге) айыппұл төлеуге міндеттелген еді.