Эстония мен Якутия музыканттары халықаралық заманауи этникалық The Spirit of Tengri фестивалінде психоделикалық композициялар орындады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Фестиваль open-air форматында Республика Сарайының алдындағы Абай алаңында өтіп жатыр.
Эстония мен Якутия музыканттары халықаралық заманауи этникалық The Spirit of Tengri фестивалінде психоделикалық композициялар орындады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Фестиваль open-air форматында Республика Сарайының алдындағы Абай алаңында өтіп жатыр.
Эстониядан келген TRAD.ATTACK! тобының мини-концерті ұзаққа созылып, ұмыттырмас көңіл-күй сыйлады. Жаңадан құрылған топ халық мақамы мен заманауи ырғақты музыканың үйлесімі арқылы ерекше атмосфера сыйлады. Олар көрермендерін психоделикалық әуендермен трансқа түсіріп, сол арада гитара мен волынканың арқасында нағыз рокқа ауысып отырды. Айта кетейік, топ Алматыға осыған дейін де келіп, өнер көрсеткен еді.
Көрермен TRAD.ATTACK! тобының әсіресе пармобиль аспабында ойнаған композициясына қошемет көрсетті. Бұл аспаптың дыбысы қазақтың ұлттық аспабы шаңқобыздың дыбысына ұқсайды. "Бұл тек қазақтың аспабы емес, ол бүкіл Еуропада танымал, тіпті бүкіл әлемде. Эстонияда өз модификациясы бар. Біздің репертуарымызда осы инструмент арқылы ойнайтын бірнеше туынды бар. Музыка біріктіреді", - деді эстон тобының мүшелері.
Артынша якуттың "Айархаан" тобы мен қазақстандық танымал диджей Нариман Исенов өнер көрсетті. Олар фестиваль қонақтарына электрондық дыбыспен өңделден психоделикалық музыка сыйлады. Якутиялық қыздар хомус деп аталатын халық аспабында шебер ойнайтынын көрсетіп, халық әндеріне табиғат дыбыстарын және жануарлар мен құстардың даусын салды.
"Айархаан" тобының қыздары этномотивтерді электрондық музыкамен тұңғыш рет үйлестіргенін айтып берді. "Бұл хомус музыкасы. Онда тыныс алудың түрлі техникасы және түрлі дауыс әдістері қолданылады. Біздің музыканы авангард деп атайтындар бар, бірақ меніңше бұл ұмытылған дәстүрді қайта жаңғырту. Якуттар өздерін табиғаттың бір бөлігі деп есептейді. Олар табиғатпен үйлесе өмір сүреді және өздерін табиғаттың иесіміз деп есептемейді, олар табиғаттың бір бөлігі. Сондықтан табиғатқа осындай жақын болуы якут музыкасында ашық көрініс табады", - деді ұжым жетекшісі Альбина Дегтярева.
"Kaspi Bank" АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Вячеслав Ким фестивальдің жыл сайын энергетикамен толып жатқанын атап өтті. "Фестиваль қашан басталады екен деп жыл бойы күттім. Біз екі жыл бұрын Батыр Қазыбаевпен, Жан Қастеевпен және өзге де ұйымдастырушылармен мерейтойлық фестивальге дейін қолдау білдіреміз деп келіскенбіз. Жыл сайын фестивальдің өз энергетикасын жинап жатқанын сезіп отырмыз. Алматыда жыл сайын "Алаш Медиа Групп" пен Kaspi bank ұйымдастырып отырған шара - жыл өте келе еліміздің мақтанышына айналып келе жатыр. Жылына бір рет екі күн ішінде ұлы түркі халқының бағзыдан сақталып келген ұлы тарихы мен ұлы мұрасының заманауи үнімен қауышу - адамның өмір бойына есінде сақтайтын оқиғасы шығар", - деді Ким.
"Фестивальге келіп жатқан қатысушылардың әрқайсысы ерекше. Себебі көмеймен ән айту және дәстүрлі музыкалық аспаптарда заманауи өңдеп айту - керемет өнер", - деді "Kaspi Bank" АҚ директорлар кеңесінің төрағасы.
Жобаны ұлттық Tengri FM радиостанциясы ұйымдастырды. Шара Алматы әкімдігінің қолдауымен өткізіліп, Алматы қаласының 1000 жылдығына арналады. Екі күндік фестивальді Tengri FM радиостанциясы мен бас серіктесі Kaspi bank ұйымдастырып отыр.
Биыл фестивальге 9 мемлекеттен 13 топ қатысып жатыр. Олардың ішінде: Baba Zula (Түркия), "Айирхаан" (Якутия), TRAD.ATTACK! (Эстония), Huun Huur Tu (Тыва), DJ Rizzo (АҚШ), "Арғымақ" (Башқұртстан), Екатерина Ямщикова (Башқұртстан), Tilla Török's Band & Holdviola (Венгрия), "Алдаспан" (Қазақстан), DJ Нариман Исенов (Қазақстан), "Тиграхауд" (Қазақстан), Roksonaki (Қазақстан) және Sintas (Қытай), "Барабаны Алматы" жобасы мен Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияның домбырашылары.