"Қазақстан" ұлттық телеарнасы жас орындаушылардың "Жаңа толқын" ("Новая волна") халықаралық байқауын тікелей эфирде трансляциялайтын болады, - деп хабарлайды Тengrinews.kz "Қазақстан" РТРК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Қазақстан" ұлттық телеарнасы жас орындаушылардың "Жаңа толқын" ("Новая волна") халықаралық байқауын тікелей эфирде трансляциялайтын болады, - деп хабарлайды Тengrinews.kz "Қазақстан" РТРК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Қазақстан" телерадиокорпорациясы ХІІІ "Жаңа толқын-2014" байқауын Қазақстан аумағында тікелей эфирде трансляциялаудың айрықша құқығын алғаш рет иеленіп отыр. Байқау Латвияның Юрмала қаласында 22-27 шілде аралығында өтеді. Тікелей эфирдегі трансляцияны журналист Асхат Садырбай жүргізеді. Онымен бірге "Дзинтари" концерттік залының сахнасындағы байқаудың барысын отандық эстрада жұлдыздары да хабарлап тұрады.
Байқауға қатысу үшін 2014 жылы әлемнің 45 мемлекетінен 15 000 жас талант байқауға қатысуға өтінім білдірген. Алайда ақтық сайыста 13 мемлекеттен 16 қатысушы ғана бақ сынасады. Биылғы байқауда Қазақстанның атынан Әлішер Кәрімов өнер көрсететінін еске саламыз. Ол 2005 жылы Superstar.KZ жобасына қатысып, танымал болған еді. 2001 жылы Витебск қаласында "Славян базары" XX халықаралық өнер фестиваліне қатысып, үшінші орын иеленді, "Ресей бұқаралық ақпарат құралдарының арнайы жүлдесін" алды.
Әлішер World Champion ships of Performing Arts (АҚШ, 2007 жыл) наградасының және "Ереван шақырады-2012" халықаралық поп-музыка фестивалінің үшінші жүлделі орнын да иеленген. Айта кетейік, Қазақстан биыл бұл байқауға 12-рет қатысқалы тұр. Әр жылдары біздің мемлекетімізден "Жаңа толқында" Ділназ Ахмадиева, Мақпал Исабекова, Айқын Төлепберген, Қайрат Түнтеков, "Алау" дуэті, Rin’Go тобы және басқалар өнер көрсетті. Өткен жылы Юрмалада қазақстандық Adam бақ сынады.
Әлішер Кәрімовтің продюсері Алтынбек Рахметовтің хабарлауынша, байқаудың алғашқы күні ол "Әлемдік хит" тақырыбында Адриано Челентаноның (Adriano Celentano) Confessa әнін орындайды. Байқаудың екінші күні сайыскер "Жаңа толқын-2010" байқауының екінші орын иегері, украин әншісі Татьяна Ширкомен бірге сахнаға шығады. Үшінші күнгі сайыс "Премьералар күні" деп аталады. Қатысушылар жаңа әндерді орындауы керек. Әлішер көпшіліктің назарына "Әрине" әнін ұсынады. Бұл әнді ақын Талант Арғынғали мен композитор Ғалымбек Исімбергенов осы байқауға арнайы жазған. Әлішер әннің бірінші бөлігін қазақ тілінде, екінші бөлігін орыс тілінде орындайды.
"Танымал музыканы орындаушылардың "Жаңа толқын" халықаралық байқауы - тек Ресей мен Латвияның ғана емес, сонымен қатар, алыс-жақын шет мемлекеттер көлеміндегі ірі музыкалық оқиға. Сайыскерлердің жеңіске ұмтылуына, олардың сайыстық бағдарламасына миллиондаған телекөрерменнің қызығушылық танытуы - "Жаңа толқын" байқауының бүкіл Еуразия құрлығының жыл сайын күтетін музыкалық жаңалығы екенінің куәсі", - деп хабарлайды "Қазақстан" РТРК баспасөз қызметі.